Басы » Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі » Нормативтік құжаттар » "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V
"Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V
Автор: Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі
18-01-2017 04:47
      Осы Заң Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, бұқаралық дене шынықтыру, әуесқой және кәсiпқой спорт қызметiн қамтамасыз етудiң және оларды дамытудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды.
   1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) ардагер спортшы – спорттық мансабын аяқтаған жоғары дәрежедегі спортшы;
      2) әуесқой спорт – жеке адамдарға спорттық шеберлiгiн жетiлдiруге және әртүрлі спорт түрiнде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкiндiк беретiн бұқаралық спорт қозғалысы;
      3) бейімдік дене шынықтыру және спорт – мүгедектерді оңалтуға және қалыпты әлеуметтік ортаға бейімдеуге, олардың толыққанды өмірді сезінуіне кедергі келтіретін психологиялық тосқауылдарды еңсеруіне, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік дамуына өзінің жеке үлес қосуының қажеттігін сезінуіне бағытталған спорттық-сауықтыру сипатындағы шаралар кешені;
      4) бұқаралық спорт – халық арасында дене шынықтыруды дамытуға ықпал ететін спорт қозғалысы;
      5) бірыңғай спорттық сыныптама – спортшылардың шеберлiк деңгейiн немесе жаттықтырушылар мен спорт төрешiлерінiң бiлiктiлiк деңгейiн айқындайтын спортшылардың, жаттықтырушылардың спорттық атақтары, разрядтары және спорт төрешілерінің санаттары жүйесi;
      6) дене тәрбиесi – денi сау, дене бiтiмi және рухани жағынан жетiлген өскелең ұрпақты қалыптастыруға бағытталған педагогикалық процесс;
      7) дене шынықтыру – мәдениеттiң құрамдас бөлiгi, адамның дене бітімін және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, дене тәрбиесі мен дене бітімін дамыту арқылы оның қозғалыс белсенділігін жетілдіру және саламатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік бейімдеу мақсатында қоғам жасайтын және пайдаланатын рухани және материалдық құндылықтар жиынтығын білдіретін әлеуметтiк қызмет саласы;
      8) дене шынықтыру даярлығы – адамның дене шынығуы қасиеттерін тәрбиелеуге және функционалдық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған педагогикалық процесс;
      9) дене шынықтыру және спорт жөнiндегi әдiскер (бұдан әрi – әдiскер) – кәсіптік білімі бар, оқу-жаттығу процесін әдiстемелiк қамтамасыз етудi және оған басшылық жасауды, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізуді жүзеге асыратын жеке адам;
      10) дене шынықтыру және спорт жүйесi – халыққа дене тәрбиесiн беру және дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы;
      11) дене шынықтыру және спорт саласындағы маман – дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке адам;
      12) дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкiлеттi орган – дене шынықтыру мен спорт саласындағы басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      13) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары – жеке адамдардың дене жаттығуларымен, спортпен айналысуына және спорттық іс-шараларды өткізуге арналған, арнайы жабдықталған (соның ішінде спорттық мүкаммалмен) объектiлер (алаңдар, үйлер, ғимараттар);
      14) дене шынықтыру-спорт ұйымы – негізгі қызмет түрі ретінде дене шынықтыру мен спорт саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      15) Дүниежүзілік универсиада – әртүрлі спорт түрлерi бойынша студенттер арасында өткiзiлетiн кешенді халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
      16) жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы – спорттық кәсіптік білімі бар, спорттық нәтижелерге қол жеткізуі үшін спортшыны даярлаудың оқу-жаттығу процесін және оның жарыстастық қызметіне басшылықты жүзеге асыратын жеке адам;
      17) жаттықтырушыны, спорт дәрігерін қызметін атқарудан шеттету – жаттықтырушыны, спорт дәрігерін допингті пайдаланғаны, халықаралық және республикалық спорт ұйымдары (федерациялары) бекіткен нормаларды бұзғаны, сондай-ақ мінез-құлықтың моральдық-этикалық нормаларын және Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спорт саласындағы заңнамасында белгіленген міндеттерді бұзғаны үшін еңбек (кәсіби) қызметінен шеттету;
      18) жоғары дәрежедегі спортшы – спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасы құрама командасының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама команданың) мүшесi болып табылатын және (немесе) «Қазақстан Республикасының спорт шеберінен» төмен емес спорттық атағы бар спортшы;
      19) жоғары жетiстiктер спорты – спортшылардың спорттық жарыстарда барынша жоғары спорттық нәтижелерге немесе жеңістерге қол жеткiзуiн көздейтін спорт саласы;
      20) кәсiпқой спорт – спорттық ойын-сауық іс-шараларын (жарыстарды) ұйымдастыруға және өткізуге бағытталған, оларға дайындалғаны және қатысқаны үшін спортты кәсіби қызметі ретінде таңдаған спортшылар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сыйақы алатын спорттың құрамдас бөлігі;
      21) кешендi ғылыми топ – спортшының функционалдық жай-күйін, резервтік мүмкіндіктерін, даярлығының психологиялық және техникалық деңгейін бағалауға бағытталған ғылыми-әдiстемелiк, медициналық-биологиялық, психологиялық зерттеулер жүргiзу үшiн құрылатын бiлiктi мамандар тобы;
      22) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілері – балалардың, жастардың және ересек тұрғындардың дене шынықтыру даярлығына қойылатын нормативтік талаптардың жиынтығы;
      23) мектеп спорты – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін білім беру ұйымдарында оқитындардың дене тәрбиесіне, оларды спорттық іс-шараларға қатысуға даярлауға бағытталған спорттың бір бөлігі;
      24) мектептегі спорттық лига – мақсаты мектеп спортын кеңінен таратуға және бір немесе бірнеше спорт түрін дамытуға жәрдемдесу, мектеп оқушыларымен спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу болып табылатын мектеп оқушылары арасындағы спорттық қозғалыс;
      25) мемлекеттiк жаттықтырушы – Қазақстан Республикасының аумағында спорт түрін (түрлерін) дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша функциялар мен іс-шараларды жүзеге асыратын жаттықтырушы;
      26) мүгедек спортшы – тыныс-тiршiлiгінің шектелуiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарларынан, кемiстiктерден организм функциялары үнемі бұзылып, денсаулығы нашарлаған және спорттың қолжетімді түрімен (қолжетімді түрлерімен) айналысатын жеке адам;
      27) мүгедек спортшыларды сыныптау – мүгедек спортшыларға функционалдық мүмкіндіктер деңгейі өздеріне ұқсас басқа мүгедек спортшылармен жарысқа түсу мүмкіндігін жасау мақсатында сыныптаушының немесе сыныптаушылар тобының олардың дәрежесін (сыныптамалық санатын) айқындау процесі;
      28) нұсқаушы-спортшы – спорттық қызметін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлемі шартымен жүзеге асыратын спортшы;
      29) оқу-жаттығу жиыны – спортшылардың спорттық шеберлігін және оқу-жаттығу процесінің сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған орталықтандырылған іс-шара;
      30) Паралимпиадалық ойындар – тiрек-қозғалу аппараты мен көру органдары зақымданған мүгедек спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
      31) спорт – спорттық жарыстар және адамды оған даярлаудың арнайы нысанында қалыптасқан, спорт түрлерінің жиынтығы ретіндегі әлеуметтік-мәдени қызмет саласы;
      32) спорт саласы – айырым белгілері бар және өзінде бір немесе бірнеше спорттық жарыстар түрі (бағдарламалары) қамтылатын спорт түрінің бір бөлігі;
      33) спорт резерві – жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуге әлеуеті бар жас және жасөспірім жастағы спортшылар;
      34) спорт төрешiсі – арнайы даярлықтан өткен және тиiстi бiлiктiлiк санатын алған, спорттық iс-шараны ұйымдастырушы спорт түрiнiң қағидаларына және спорттық iс-шараның ережелерiне (регламенттеріне) сәйкес төрелікті қамтамасыз етуге уәкiлеттiк берген жеке адам;
      35) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) – халықаралық спорттық жарыстарға даярлықты жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы астында қатысатын спортшылар, жаттықтырушылар, отандық және шетелдік мамандар ұжымдары;
      36) Қазақстан Республикасының штаттық құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық штаттық құрама командалар) – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген қаржылық шарттармен спорттық қызметті жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы астында халықаралық спорттық жарыстарға қатысатын спортшылар, жаттықтырушылар, отандық және шетелдік мамандар ұжымдары;
      37) спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасы құрама командасының (спорт түрі бойынша ұлттық құрама команданың) бас жаттықтырушысы – спорт түрi бойынша Қазақстан Республикасының құрама командасына (спорт түрі бойынша ұлттық құрама командаға) басшылық жасауға, оның даярлығына, қалыптастырылуына және әлем чемпионаттарына, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарына және басқа да халықаралық жарыстарға қатысуына жауап беретiн жаттықтырушы;
      38) спорт түрлерінің тізілімі – Қазақстан Республикасының аумағында дамып отырған спорт түрлері мен спорт салалары туралы қағаз және электрондық жеткізгіштерде тіркелген мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйе;
      39) спорт түрi – жаттығу ортасы, жарыстастық қызметіндегі дене шынықтыру жаттығуларының немесе интеллектуалдық қабілеттердің жиынтығы және жарыстар қағидалары айырым белгiлерi болып табылатын спорттың құрамдас бөлiгi;
      40) спорттағы тыйым салынған субстанциялар және (немесе) әдістер (бұдан әрі – допинг) – Допингке қарсы дүниежүзілік ұйымның және Допингке қарсы дүниежүзілік ұйымның халықаралық стандартының тыйым салынған тізіміне енгізілген химиялық қоспалар (заттар, дәрілер) мен әдістер, оның ішінде спортта пайдалануға тыйым салынған субстанциялар және (немесе) әдістер тізбелеріне енгізілген субстанцияларды және (немесе) әдісті пайдалану немесе пайдалануға әрекеттену;
      40-1) спорттық-бұқаралық іс-шаралар – адамның дене бітімін және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған, спорт құрылыстары мен объектілерінде, сондай-ақ спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған ашық жерлерде өткізілетін, осы іс-шараларда екі жүз және одан көп көрерменнің бір мезгілде болуы көзделетін іс-шаралар;
      41) спорттық-бұқаралық iс-шаралардың бірыңғай күнтiзбесi – халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жыл сайынғы жарыстардың, сондай-ақ жарыстарға дайындық жөніндегі іс-шаралардың тізбесі;
      41-1) спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған орындар – спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге ыңғайластырылған объектілер мен құрылыстар, сондай-ақ осы мақсаттар үшін арнайы жасалмаған өзге де орындар (демалыс аймақтары, ипподромдар, цирктер, саябақтар, гүлзарлар, алаңдар, көшелер);
      41-2) спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақыт – спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға алғашқы көрермен кірген (келген) кезден бастап іс-шаралар аяқталғанға және осы орындардан соңғы көрермен шыққанға (кеткенге) дейінгі уақыт;
      41-3) спорттық-бұқаралық іс-шараны ұйымдастырушы – бастамасы бойынша спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілетін жеке немесе заңды тұлға;
      42) спорттық жарыс – ұйымдастырушысы бекіткен ереже (регламент) бойынша өткізілетін сайыстың үздік қатысушысын анықтау мақсатында спорт түрі (түрлері) бойынша спортшылар немесе командалар арасындағы сайыс;
      43) спорттық қызмет туралы шарт – спортшы, жаттықтырушы немесе дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де маман мен дене шынықтыру-спорт ұйымы арасында жасалатын азаматтық-құқықтық шарт;
      44) спорттық іс-шара – спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың қатысуымен өткізілетін спорттық жарыс, оқу-жаттығу жиыны;
      45) спорт федерациясы – спорттың бір немесе бірнеше түрін дамыту мақсатында қоғамдық бірлестік нысанында немесе қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым;
      46) спорт федерацияларын аккредиттеу – Қазақстан Республикасының аумағында спорт түрін (түрлерін) дамыту жөніндегі спорт федерацияларының құқықтылықтарын тану рәсімі;
      47) спортшы – спорт түрімен (түрлерімен) жүйелі түрде айналысатын және спорт жарыстарына қатысатын жеке адам;
      48) спортшыны жарыстан шығарып тастау – спортшыны спорттық жарыстарға қатысудан шеттету, оны спорт түрінің қағидаларын, спорттық жарыстардың ережелерін (регламенттерін) бұзғаны, допингті пайдаланғаны үшін, халықаралық спорт ұйымдары және (немесе) республикалық спорт федерациялары бекіткен нормаларды бұзғаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спорт саласындағы заңнамасында белгіленген мінез-құлықтың моральдық-этикалық нормалары мен міндеттерді бұзғаны үшін республикалық спорт федерациясы жүзеге асырады;
      49) спортшыны тіркеу – спортшыны тіркеу туралы куәлікті бере отырып, федерация өткізетін немесе оның қатысуымен өткізілетін спорттық жарыстарға және өзге де спорттық іс-шараларға қатысу құқығын беру мақсатында спорт түрі бойынша спорт федерациясы спортшының спорттың осы түрімен айналысатынын танитын рәсім;
      50) студенттік спорт – жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушылардың дене тәрбиесіне, оларды спорттық іс-шараларға қатысуға даярлауға бағытталған спорттың бір бөлігі;
      51) студенттік спорт лигасы – мақсаты студенттік спортты кеңінен таратуға жәрдемдесу және спорттың түрін (түрлерін) дамыту, студенттермен спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу болып табылатын студенттер арасындағы спорттық қозғалыс;
      52) Сурдлимпиадалық ойындар – есту органдары зақымданған мүгедек спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
      53) сыныптаушы – мүгедек спортшыларды олардың функционалдық мүмкіндіктерінің деңгейіне қарай сыныптауды жүзеге асыратын, жарыстарды ұйымдастырушылар осыған уәкілеттік берген және тиісті құжатпен расталған арнайы даярлықтан өткен жеке тұлға;
      54) техникалық және қолданбалы спорт түрлерi – спортшының техникалық құралдарды қолдана отырып өткізілетін жарыстарға арнайы даярлығын талап ететiн спорт түрлерінің бір бөлiгi;
      55) ұлттық спорт түрлерi – жарыспалы әрекет нысанында тарихи түрде қалыптасқан және өзiне тән дене шынықтыру жаттығуларын және дене шынықтыру белсендiлiгi ұйымдастырылуының өзiндiк қағидалары мен тәсiлдерi бар халық ойындарын білдіретін спорт түрлері;
      56) Халықаралық арнаулы олимпиадалық ойындар – интеллектуалдық мүмкiндiктері шектеулi мүгедек спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
      57) халықаралық спорттық жарыстар – шетелдік спортшылар (командалар) қатысатын спортшылар (командалар) арасындағы спорт түрi бойынша өтетін сайыстар.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.01.2016 № 446-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк
             саясаттың қағидаттары мен міндеттері
      1. Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк саясат:
      1) барлық жеке адамдар үшiн дене шынықтырумен және спортпен айналысу теңдiгi және олардың жалпыға бірдей қолжетімділігі;
      2) халықтың әртүрлi жас топтарына дене тәрбиесiн берудің үздіксіздігі мен сабақтастығы;
      3) дене шынықтырумен және спортпен айналысудың ерiктiлiгi;
      4) дене шынықтыру-спорттық іс-шаралардың сауықтыру бағыты;
      5) дене шынықтырумен, әуесқой және кәсіпқой спортпен айналысуға тең құрмет көрсету;
      6) кемсітушілікке тыйым салу және қатігездікті, зорлық-зомбылықты және адамның қадір-қасиетін қорлауды насихаттауға жол бермеу;
      7) халықаралық спорттық жарыстарда Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жоғары жетiстiктер спортының басымдығы;
      8) бейімдік дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу қағидаттары негізінде жүргiзiледi.
      2. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеттері:
      1) дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдардың, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шаралардың қатысушылары мен көрермендерінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау;
      2) ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлерін дамыту;
      3) дене шынықтыру мен спортты қолдау және ынталандыру;
      4) дене шынықтыру және спорт саласын зерттеу үшін ғылыми базаны дамыту;
      5) әлеуметтік және білім беру функцияларын, сондай-ақ ерікті қызмет қағидатына негізделген олардың құрылымының ерекшелігін ескере отырып, спорттың барлық түрлерін дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
      3-бап. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және
             спорт саласындағы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
      4-бап. Денешынықтыруды және спортты дамытуды мемлекеттік
              қолдау
      1. Денешынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік қолдау:
      1) мемлекеттiк саясатты қалыптастыру, оның жүйесін құру, сондай-ақ тиісті нормативтiк-құқықтық, қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық, ғылыми-әдiстемелiк, медициналық, ақпараттық қамтамасыз ету арқылы денешынықтыру және спорт саласындағы қатынастарды реттеу;
      2) денешынықтыру-спорт ұйымдарының сыртқы байланыстарын дамытуға, олардың Қазақстан Республикасында денешынықтыру-спорт қозғалысын дамытуға ықпал ететін халықаралық спорт ұйымдарына интеграциялануына қолдау көрсету;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес спорт ғимараттарын жобалауға, салуға және пайдалануға өз қаражатын салатын отандық және шетелдiк инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық ахуал жасау;
      4) мемлекеттік меншіктегі спорт ғимараттарының қолжетімді болуын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік меншіктегі спорт ғимараттарының қолжетімді болуын қамтамасыз ету «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ең төмен әлеуметтік стандарт болып табылады.
      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 19.05.2015 № 315-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      5-бап. Жеке тұлғалардың дене шынықтыру және спорт
              саласындағы құқықтары мен міндеттері
      1. Жеке тұлғалардың:
      1) дене шынықтырумен және спортпен айналысуға;
      2) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық бағыттағы қоғамдық бірлестіктерге кіруге;
      3) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларға қатысуға;
      4) мемлекеттік және жеке спорт құрылыстары мен көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;
      5) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін кезде әртүрлі нышанды және жеке-дара пікірін жария білдірудің Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де құралдарын пайдалануға құқығы бар.
      2. Жеке тұлғалар:
      1) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қоғамдық тәртіпті сақтауға;
      2) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қоғамдық тәртіпті бұзуға арандататын әрекеттерге жол бермеуге, айналадағыларға қауіп туғызатын құқыққа қарсы акциялар жасамауға міндетті.
      3. Жеке тұлғаларға:
      1) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға алкоголь өнімін, металл, шыны ыдыстағы өнімді, пиротехникалық бұйымдарды және пайдаланылуы адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі не жеке және заңды тұлғаларға материалдық нұқсан келтіруі мүмкін өзге де заттарды алып кіруге;
      2) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақытта мінберлерге, футбол, хоккей және өзге де спорт алаңдарына адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін кез келген заттарды лақтыруға;
      3) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақытта шарбақтар мен қоршаулардың, турникеттердің шегінен өз бетімен шығуға;
      4) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақытта әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған, сол сияқты жеке тұлғалардың құқықтарын кемсітетін плакаттарды, эмблемаларды, транспаранттарды және өзге де көрінетін заттарды пайдалануға тыйым салынады.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 22.01.2016 № 446-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
   2-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
      6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң дене шынықтыру
             және спорт саласындағы құзыретi
      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
       2) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      3) Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде өткізілетін спорттық іс-шараларға даярлық және оларға қатысу кезеңінде спортшыларды, жаттықтырушыларды және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандарды, барлық санаттағы әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету нормативтерін бекітеді;
      4) халықаралық спорттық жарыстардың тізбесін, халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерiне, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) жаттықтырушылары мен мүшелерiне ақшалай көтермелеу төлемдерінің қағидаларын бекiтедi және олардың мөлшерін белгілейді;
      5) спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын бекітеді және олардың мөлшерін белгілейді;
       6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      7) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарына және басқа да халықаралық жарыстарға даярлау жөніндегі ұйымдастыру комитеттерінің құрамдарын бекітеді;
       8) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      9) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды атқарады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      7-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi
             органның құзыретi
      Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi орган:
      1) дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      2) өз құзыреті шегінде дене шынықтыру және спорт саласындағы басшылықты, салааралық үйлестiруді және мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      3) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру және спорт саласында әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарды әзірлейді және бекітеді;
      4) ведомстволық статистикалық бақылаулар жүргiзедi;
      5) салалық көтермелеу жүйесiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      6) дене шынықтыру және спорт саласындағы кадрларды даярлауды, қайта даярлауды, олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
      7) аккредиттелген республикалық федерациялармен бірлесе отырып, спорт түрлері, оның iшiнде ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлері бойынша, бұқаралық спорт бойынша, сондай-ақ ардагер спортшылар арасында республикалық және халықаралық жарыстар өткiзедi;
      8) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелерiн халықаралық спорттық жарыстарға даярлауды және олардың қатысуын ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      9) дене шынықтыру және спорт саласындағы ғылыми зерттеулердi, олардың нәтижелерiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дене шынықтыру және спорт практикасына енгiзудi ұйымдастырады және үйлестiредi;
      10) Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      11) спортта допингке қарсы іс-шаралардың жүргiзiлуiне бақылауды жүзеге асырады;
      12) спортшылар мен жаттықтырушыларға: «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген спорт шеберi», «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегi спорт шеберi», «Қазақстан Республикасының спорт шеберi», «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы» спорттық атақтарын береді;
      13) мынадай: бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жоғары санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi жоғары санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жоғары санатты әдіскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi жоғары санатты әдiскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жоғары санатты нұсқаушы-спортшы, жоғары санатты ұлттық спорт төрешiсi, ұлттық спорт төрешiсi біліктілік санаттарын береді;
      14) республикалық және өңірлік спорт федерацияларын аккредиттеудi жүзеге асырады;
      15) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілерін өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      16) Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде өткізілетін спорттық іс-шараларға даярлық және оған қатысу кезеңінде спортшыларды, жаттықтырушыларды және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандарды, барлық санаттағы әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету нормативтерін әзірлейді;
      17) оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде спортшыларды, оның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілерді және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерінің әдістемесін бекітеді;
      18) халықаралық жарыстардың тізбесін, халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерін, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) жаттықтырушылары мен мүшелерiн ақшалай көтермелеу төлемдерінің қағидаларын әзірлейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметіне олардың мөлшері туралы ұсыныстар енгізеді;
      19) спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын әзірлейді, Қазақстан Республикасының Үкіметіне олардың мөлшері туралы ұсыныстар енгізеді және төлемдерін қамтамасыз етеді;
      20) дене шынықтыру және спорт сабақтарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бекітеді;
      21) спорттық атақтарды, разрядтарды және біліктілік санаттарын беру нормалары мен талаптарын бекітеді;
      22) спорт түрлері бойынша кешенді нысаналы бағдарламаларды және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларын бекітеді;
      23) аккредиттелген республикалық федерациялардың ұсыныстары бойынша жаттықтырушыларға және спорт төрешілеріне аттестаттау жүргізу қағидаларын бекітеді;
      24) спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорт ұйымдары үшін спорт түрлері бойынша бағдарламаларды бекітеді;
      25) спорттық атақтар, разрядтар және біліктілік санаттарын беру қағидаларын бекітеді;
      26) жарыстар түрлерінің, оқу-жаттығу жиындарының тізбесін бекітеді және олардың сыныптамасын айқындайды;
      27) спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларын бекітеді;
      28) спортшының бiр дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқа дене шынықтыру-спорт ұйымына ауысу қағидаларын бекiтедi;
      29) спорт федерацияларын аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      30) аккредиттелген республикалық спорт федерацияларының ұсынуымен спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамдарын жыл сайын бекітеді;
      31) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамдарын қалыптастыру қағидаларын бекітеді;
      32) спорт резерві және жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлау бойынша оқу-жаттығу процесін жүзеге асыратын дене шынықтыру-спорт ұйымдарында спорттың түрлері бойынша спортшылардың жас шамасын бекітеді;
      33) аккредиттелген республикалық спорт федерацияларының ұсынуымен спорт түрлерi бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлерi бойынша ұлттық құрама командалардың) бас жаттықтырушыларын және мемлекеттік жаттықтырушыларды лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      34) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне олардың халықаралық спорттық жарыстарда жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлемдерін төлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      35) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне олардың халықаралық спорттық жарыстарда спорттық жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлемдерін төлеуді жүзеге асырады;
      36) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелерін халықаралық спорттық жарыстарға даярлау және оған қатысу кезінде сақтандыруды қамтамасыз етеді;
      37) спорт түрлерін, спорт салаларын тану және спорт түрлерінің тізілімін қалыптастыру қағидаларын бекітеді;
      38) спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін қалыптастыру қағидаларын бекітеді;
      39) республикалық аккредиттелген спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесін бекітеді және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      40) оқу-жаттығу процесі, спорт резервін және жоғары дәрежедегі спортшыларды даярлау жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорт ұйымдары үшін үлгілік штаттарды бекітеді;
       41) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
       42) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      43) спорт мектептеріне және спорт мектептерінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» деген мәртебе беру қағидаларын бекітеді;
      44) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімін жүргізеді;
      45) спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандар мен дене шынықтыру-спорт ұйымдарына «Үздік» номинациясында атақтар беру қағидаларын бекітеді;
      46) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша «Үздік спорт журналисі» атағын беру қағидаларын әзірлейді;
      47) спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жөніндегі оқу-жаттығу процесі жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорт ұйымдары түрлерінің тізбесін және олардың қызметі қағидаларын бекітеді;
      48) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттар-колледждері және спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттар қызметінің қағидаларын бекітеді;
      49) олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждері, спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттар үшін спорт түрлері бойынша білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларын бекітеді және олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің оқу бағдарламаларын келіседі;
      50) олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждері және спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттар үшін спорт түрлері бойынша үлгілік оқу жоспарларын бекітеді және олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің оқу жоспарларын келіседі;
      51) спорт түрлерінде пайдаланылатын жануарлар мен құстардың жем-азығы нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
      52) жоғары дәрежелі спортшылармен, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды жүзеге асыратын жаттықтырушылармен және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандармен спорттық қызмет туралы шарттар бойынша ақша төлемінің мөлшерін бекітеді;
      53) халықаралық және республикалық спорттық жарыстардың ережелерін (регламенттерін) бекітеді;
      54) спорттық іс-шаралардың шығыстар құрылымын бекітеді;
      55) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша мүгедек спортшыларға сыныптау жүргізудің тәртібі мен шарттарын бекітеді;
      56) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарына және басқа да халықаралық жарыстарға даярлау жөніндегі ұйымдастыру комитеттерінің құрамдары бойынша ұсыныстар енгізеді;
       57) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      58) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы халықаралық шарттарын әзірлейді, жасасады, олардың орындалуын қамтамасыз етеді, халықаралық спорт ұйымдарында және халықаралық спорттық іс-шараларда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
      59) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;
      60) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша спорт саласындағы білім беру ұйымдарының қызметі туралы қағидаларды әзірлейді және бекітеді;
      61) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын спорт саласындағы білім беру ұйымдарында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға қатысады;
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      8-бап. Жергілікті атқарушы органдардың, қаладағы аудан,
             аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент және
             ауыл әкімдерінің құзыреті
      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы:
      1) жеке адамдардың тұрғылықты жері бойынша және олардың көпшілік демалатын орындарда спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасайды;
      2) аккредиттелген республикалық және (немесе) жергілікті спорт федерацияларымен бірлесіп, спорт түрлерi, оның ішінде ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлері, бұқаралық спорт бойынша, сондай-ақ ардагер спортшылар арасында облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық спорт жарыстарын өткiзедi;
      3) спорт түрлерi бойынша облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық құрама командаларды даярлауды және олардың республикалық және халықаралық спорттық жарыстарда өнер көрсетуiн қамтамасыз етедi;
      4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды қамтамасыз етеді;
      5) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;
       6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      7) білім беру ұйымдарының спорт ғимараттарын сабақтан тыс және кешкі уақытта халық үшін спорт секцияларының жұмысын қамтамасыз ету және спорттық іс-шаралар өткізу мақсатында пайдалану жөнінде шаралар қолданады;
      8) спортшыларға: Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат, 1-разрядты спортшы спорттық разрядтарын береді;
      9) мынадай: бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi бірінші санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi бірінші санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi бірінші санатты әдіскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi бірінші санатты әдіскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегі бірінші санатты нұсқаушы-спортшы, бiрiншi санатты спорт төрешiсi біліктілік санаттарын береді;
      10) аккредиттелген өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорттық-бұқаралық iс-шаралардың бірыңғай өңірлік күнтiзбесін бекiтедi және оның iске асырылуын қамтамасыз етеді;
      11) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзудi үйлестiредi;
      12) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің аумағында дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі ақпаратты жинауды, талдауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысанда және мерзімдерде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органға ұсынады;
      13) жергілікті спорт федерацияларын аккредиттеуді жүзеге асырады;
      14) спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттар үшін спорт түрлері бойынша білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларын іске асырады;
      15) спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттардың үлгілік оқу жоспарларын келіседі;
      16) аккредиттелген өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құрама командаларының тізімдерін қалыптастырады және бекітеді;
      17) осы Заңға сәйкес Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етеді;
      18) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың дене шынықтыру және спорт жөніндегі басқару органының бірінші басшысын лауазымға тағайындайды;
      19) ресми дене шынықтыру және спорт іс-шараларын медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      20) дене шынықтыру және спорт іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;
      20-1) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын пайдалануды үйлестіреді;
      20-2) спорт мектептеріне, спорт мектебінің бөлімшелеріне «мамандандырылған» деген мәртебе береді;
      20-3) халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған спорттық ғимараттарды жобалау үшін техникалық өзіндік ерекшеліктер мен техникалық тапсырманы республикалық аккредиттелген спорт федерацияларымен келіседі;
      21) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы:
      1) жеке адамдардың тұрғылықты жері бойынша және олардың көпшілік демалу орындарында спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасайды;
      2) аккредиттелген жергілікті спорт федерацияларымен бірлесіп, спорт түрлерi бойынша аудандық, облыстық маңызы бар қалалық спорттық жарыстарды өткiзедi;
      3) спорт түрлерi бойынша аудандық, облыстық маңызы бар қалалық құрама командаларды даярлауды және олардың облыстық спорттық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етедi;
      4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды қамтамасыз етеді;
      5) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында аудандық, облыстық маңызы бар қалалық дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;
      6) спортшыларға: 2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, 1-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 2-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 3-жасөспірімдік-разрядты спортшы спорттық разрядтарын береді;
      7) мынадай: бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты нұсқаушы-спортшы, спорт төрешiсi біліктілік санаттарын береді;
      8) спорттық-бұқаралық iс-шаралардың бірыңғай өңірлік күнтiзбесін iске асырады;
      9) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында спорттық iс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзудi үйлестiредi;
      10) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің аумағында дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі ақпаратты жинауды, талдауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысанда және мерзімдерде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына ұсынады;
      11) аккредиттелген өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорт түрлері бойынша аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың құрама командаларының тізімдерін қалыптастырады және бекітеді;
      12) осы Заңға сәйкес Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етеді;
      13) ресми дене шынықтыру және спорт іс-шараларын медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      14) дене шынықтыру және спорт іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;
      14-1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында спорт ғимараттарын салу мәселелерін үйлестіреді және олардың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етеді;
      14-2) спорт ұйымдарына әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;
      14-3) аудандық және қалалық мамандандырылмаған балалар-жасөспірімдер мектептерінің қызметін қамтамасыз етеді;
      15) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      3. Республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы ауданның әкімі:
      1) спортшыларға: 2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, жасөспірімдер бойынша 1-разрядты спортшы, жасөспірімдер бойынша 2-разрядты спортшы, жасөспірімдер бойынша 3-разрядты спортшы спорттық разрядтарын береді;
      2) мынадай: бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты нұсқаушы-спортшы, спорт төрешiсi біліктілік санаттарын береді;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен өз қарауына жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.
      4. Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округтің, кенттің және ауылдың әкiмi:
      1) спорт мекемелерiне қолдау жасайды және олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етiлуіне жәрдем көрсетедi;
      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында жеке адамдардың тұрғылықты жерiнде және олардың көпшілік демалатын орындарында дене шынықтыру мен спортты дамыту үшiн жағдайлар жасайды;
      3) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен өз қарауына жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      9-бап. Дене шынықтыру мен спортты насихаттау
      1. Дене шынықтыру мен спорт, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы уәкілетті органдар, дене шынықтыру-спорт ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары халықтың әртүрлі топтарының жас шамасын, кәсіби және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, дене шынықтыру мен спортты насихаттауды жүзеге асырады, дене шынықтыру мен спорттың әлеуметтік маңызын ашуды, ұлтты сауықтырудағы, жеке адамдардың саламатты өмір салтын қалыптастырудағы олардың рөлін қамтамасыз етеді.
      2. Бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органдар, дене шынықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бірлестіктер дене шынықтыру мен спортты насихаттауды жүргізеді, денсаулықтарын сақтау және нығайту, аурулардың алдын алу, жұмысқа қабілеттілік пен белсенді ұзақ өмір сүрудің жоғары деңгейіне, сондай-ақ ізгілік мұраттары мен спорт құндылықтарына қол жеткізу үшін дене шынықтыру компоненттерін практикалық пайдалануда халықтың білім деңгейін арттырады.
   3-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ ЖҮЙЕСІ
      10-бап. Дене шынықтыру мен спорт субъектілері
      1. Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру мен спорт субъектiлерiне:
      1) дене шынықтыру-спорт ұйымдары: олимпиадалық даярлау орталықтары, олимпиада резервін даярлау орталықтары, спорт федерациялары, спорт мектептері мен спорт клубтарының барлық түрлері, спорт секциялары, әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстарды ұйымдастыратын ұйымдар, ведомстволық спорт қоғамдары және спортты дамытуды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер;
      2) дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдары;
      3) дене шынықтыру және спорт саласындағы зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар;
      4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар;
      5) спорттық медицина ұйымдары;
      6) дене шынықтырумен айналысатын жеке адамдар, спортшылар, ұжымдар (спорт командалары), спорт төрешілері, жаттықтырушылар және дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандар жатады.
      2. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары халықтың әртүрлі топтары арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға қатысады, спортшылардың және спорттық жарыстарға және оқу-жаттығу іс-шараларына қатысатын басқа да адамдардың денсаулығын қорғау және нығайту үшін жағдайлар жасайды, спортшыларға, жаттықтырушыларға және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға жаттығу жасау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.
      3. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру-спорт ұйымдары халықаралық спорт ұйымдарына мүше бола алады, егер мұндай құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері мәртебесіне сәйкес құқықтарға ие бола алады және міндеттер атқара алады.
      11-бап. Спорт федерацияларын аккредиттеу
      1. Республикалық, өңірлік және жергілікті спорт федерациялары аккредиттелуге жатады.
      2. Спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес түрі (түрлері) бойынша республикалық және (немесе) өңірлік спорт федерациялары Қазақстан Республикасы атынан Халықаралық олимпиада комитеті, Азияның Олимпиадалық кеңесі немесе «Спорт-Аккорд» халықаралық конвенті таныған халықаралық спорт ұйымының мүшесі болып табылуға және оны Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитеті тануға тиіс.
      3. Ұлттық спорт түрі (түрлері) бойынша республикалық және (немесе) өңірлік спорт федерациялары Қазақстан Республикасы атынан халықаралық спорт ұйымының мүшесі болып табылуға және оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті тануға тиіс.
      4. Қазақстан Республикасы облыстарының кемінде жартысының аумақтарында дамыту жүзеге асырылатын, спорт түрлерінің аккредиттеу тәртібімен белгіленген ерекшеліктеріне байланысты өңірлік спорт федерациясы республикалық спорт федерациясының мәртебесін иеленеді.
      12-бап. Аккредиттелген спорт федерацияларының құқықтары
              мен міндеттері
      1. Аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерациялары:
      1) тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге;
      2) спорт түрі (түрлері) бойынша спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге;
      3) құзыреті шегінде спортшылардың бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқасына ауысуын ұйымдастыруға қатысуға;
      4) тиісті халықаралық жарыстарды өткізетін халықаралық спорт ұйымдарының нормаларына сәйкес спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) үшін қатысуға құқығы жоқ спортшылардың тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстарға қатысуына шектеулер белгілеуге;
      5) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) нышандарын пайдаланудың барлық құқықтарын иеленуге;
      6) спорт салаларын спорт түрлерінің тізіліміне қосу туралы ұсыныстар енгізуге;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған әртүрлі көздерден тиісті спорт түрлерін дамыту үшін ұсынылған қаржылық және өзге де қолдауды қабылдауға;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерациялары:
      1) спорт түрлерін дамытуға және кеңінен таратуға;
      2) халықаралық спорт ұйымдарының (болған кезде) талаптарына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша спорт түрлері бойынша қағидаларды әзірлеуге және бекітуге;
      3) спорт түрлері бойынша кешенді нысаналы бағдарламаларды және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларын әзірлеуге;
      4) республикалық спорт федерациясы өткізетін жарыстар туралы ережелерді (регламенттерді) әзірлеуге және оларды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісуге;
      5) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) халықаралық спорттық жарыстарға даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;
      6) халықаралық және республикалық спорттық жарыстарға тиісті спорт түрлері бойынша ардагер спортшылардың даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;
      7) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға тиісті спорт түрлерін дамыту жөнінде ақпарат беруге;
      8) спорттағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген нысандарының көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға;
      9) спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесін әзірлеуге және іске асыруға;
      10) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға бірыңғай спорттық сыныптамаға енгізу мақсатында спорттың тиісті түрлерiне қойылатын талаптар мен нормаларды және жаттықтырушыларды аттестаттау бойынша біліктілік талаптарын белгіленген тәртіппен ұсынуға;
      11) спорт түрлері бойынша спорт төрешілерін даярлауды жүзеге асыруға;
      12) жаттықтырушыларды қайта даярлауды, жаттықтырушыларды, спорт төрешілерін және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандарды аттестаттауды жүзеге асыруға;
      13) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спортшылар мен жаттықтырушыларға спорттық атақтар мен разрядтар, нұсқаушы-спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға, спорт төрешілеріне санаттар беру үшін құжаттар ұсынуға;
      14) спортшыларды тіркеуді жүргізуге;
      15) спортшылардың, аттестатталған спорт төрешілерінің, жаттықтырушылардың тізілімін жүргізуге;
      16) Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауға;
      17) Қазақстан Республикасының және тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорт федерацияларының допингке қарсы қағидаларын қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға немесе өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруға;
      18) жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеу өткізу мақсатында спортшылардың тізімін қалыптастыру үшін ұлттық допингке қарсы ұйымға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес беруге;
      19) спортшыларды Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес оларды жарыс кезеңінде де, сондай-ақ жарыстан тыс кезеңде де тестілеуге жататын спортшылардың тізіміне енгізілгені туралы хабардар етуге;
      20) допингке қарсы қағидаларға сәйкес спортшыларды тестілеуден өткізуге жәрдемдесуге;
      21) спортшылардың, сондай-ақ жаттықтырушылардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға және спорттық жарыстарға қатысатын жануарларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзғаны туралы тиісті допингке қарсы ұйымның шешімі негізінде және оны орындау үшін санкциялар қолдануға (оның ішінде спорттық жарыстан шеттету);
      22) қолданылған санкциялар туралы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға, ұлттық допингке қарсы ұйымға, тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясына ақпарат беруге;
      23) әдістемелік жұмыс нәтижелерінің негізінде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спорт түрін дамыту жөнінде ұсынымдар беруге;
      24) егер осы шарттар халықаралық спорт федерацияларының талаптарында көзделсе, кәсіпқой спортты дамыту жөніндегі міндеттерді орындауға;
      25) Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғыларына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
      3. Аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары:
      1) тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге;
      2) құзыреті шегінде спортшылардың бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқасына ауысуын ұйымдастыруға қатысуға;
      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына спорт түрінің (түрлерінің) дамуы туралы ақпарат жіберуге;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған әртүрлі көздерден тиісті спорт түрлерін дамыту үшін ұсынылған қаржылық және өзге де қолдауды қабылдауға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      4. Аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары:
      1) спорт түрін дамытуға және кеңінен таратуға;
      2) спортшыларды тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша даярлау жоспарларын әзірлеуге;
      3) аккредиттелген жергілікті спорт федерациясы өткізетін спорттық жарыстар туралы ережелерді (регламенттерді) әзірлеуге және оларды жергілікті уәкілетті органмен келісуге;
      4) спортшылардың спорттық жарыстарға даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;
      5) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға тиісті спорт түрлерін дамыту жөнінде ақпарат ұсынуға;
      6) спорттағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген нысандарының көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға;
      7) спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесін әзірлеуге және іске асыруға қатысуға;
      8) Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауға;
      9) Қазақстан Республикасының және тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорт федерацияларының допингке қарсы қағидаларын қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға немесе өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруға;
      10) жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеу өткізу мақсатында спортшылардың тізімін қалыптастыру үшін ұлттық допингке қарсы ұйымға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес беруге;
      11) спортшыларды Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес оларды жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеуге жататын спортшылардың тізіміне енгізілгені туралы хабардар етуге;
      12) допинг-бақылау жүргізу тәртібіне сәйкес тестілеу өткізуге жәрдемдесуге;
      13) спортшылардың, сондай-ақ, жаттықтырушылардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға және спорттық жарыстарға қатысатын жануарларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзғаны туралы тиісті допингке қарсы ұйымның шешімі негізінде және оны орындау үшін санкциялар қолдануға (оның ішінде спорттық жарыстан шеттету);
      14) қолданылған санкциялар туралы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға, ұлттық допингке қарсы ұйымға, тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясына ақпарат беруге;
      15) әдістемелік жұмыс нәтижелерінің негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына спорт түрлерін дамыту жөнінде ұсынымдар беруге;
      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғыларына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
      13-бап. Ұлттық олимпиадалық қозғалыс. Қазақстан
              Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi
      1. Ұлттық олимпиадалық қозғалыс мақсаты олимпиадалық қозғалыс қағидаттарын насихаттау және енгізу, дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу, халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайту, Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу болып табылатын халықаралық олимпиадалық қозғалыстың құрамдас бөлігі болып табылады.
      2. Ұлттық олимпиадалық қозғалысты қызметін Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасына, Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес және Халықаралық олимпиада комитетінің тануы негізінде, сондай-ақ өзінің жарғысына сәйкес жүзеге асыратын қоғамдық бірлестік – Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi басқарады. Мемлекет ұлттық олимпиадалық қозғалысты таниды және Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне өзінің жарғылық мақсаттарын іске асыруына жан-жақты жәрдем көрсете отырып, қолдайды.
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi:
      1) мемлекетте олимпиадалық қозғалыс қағидаттарын насихаттайды, жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді;
      2) Олимпиада ойындарында және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес Қазақстан Республикасын білдіреді;
      3) Халықаралық олимпиада комитетінде Қазақстан Республикасын білдіреді;
      4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен өзара iс-қимыл жасау кезiнде жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамытудың бiрыңғай саясатын жүргiзедi;
      5) Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитеті аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу үшiн Қазақстан Республикасының спортшыларын қажетті даярлық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлеу мен жүзеге асыруға қатысады;
      6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша Халықаралық олимпиада комитетіне Қазақстан Республикасының Олимпиада ойындарын өткізуге кандидат қаласы туралы өтінім беруге құқылы.
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес Халықаралық олимпиада комитетіне тиесілі олимпиадалық рәмізді, девизді, туды және гимнді, «Олимпиадалық ойындар», «Олимпиада ойындары» деген атауларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану құқықтарын қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетiнің олимпиадалық эмблемасына, девизіне, туына және өзге де ұлттық олимпиадалық нышанға айрықша құқықтарды иеленеді.
      5. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) Олимпиада ойындарында және Халықаралық олимпиада комитетінiң қамқорлығы аясында өткiзiлетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы астында жүзеге асырылады.
      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетiнің жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы спортшыларының Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы үшін қажетті даярлық деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыруы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және республикалық спорт федерацияларымен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылады.
      7. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi өзінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды өзінің қаржыландыру көздері, қайырымдылық көмек, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бөлінетін бюджет қаражаты есебінен іске асырады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      14-бап. Паралимпиадалық қозғалыс, Сурдлимпиадалық
              қозғалыс, Арнайы олимпиадалық қозғалыс,
              паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы
              олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық
              бірлестіктер
      1. Паралимпиадалық қозғалыс, Сурдлимпиадалық қозғалыс, Арнайы олимпиадалық қозғалыс мақсаты мүгедектердің дене шынықтыру мен спортын дамытуға жәрдемдесу, көрсетілген салада халықаралық ынтымақтастықты нығайту, Паралимпиадалық ойындарға, Сурдлимпиадалық ойындарға, Халықаралық арнайы олимпиадалық ойындарға қатысу болып табылатын тиісінше халықаралық паралимпиадалық қозғалыстың, халықаралық сурдлимпиадалық қозғалыстың, халықаралық арнайы олимпиадалық қозғалыстың бір бөлігі болып табылады.
      2. Паралимпиадалық қозғалысты, Сурдлимпиадалық қозғалысты, Арнайы олимпиадалық қозғалысты қызметін Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасына, тиісті халықаралық спорт ұйымдарының жарғыларына сәйкес және халықаралық спорт ұйымдарының тануы негізінде, сондай-ақ өздерінің жарғыларына сәйкес жүзеге асыратын паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер басқарады.
      3. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер тиісінше Паралимпиадалық ойындарда, Сурдлимпиадалық ойындарда, Халықаралық арнайы олимпиадалық ойындарда, Халықаралық паралимпиадалық комитет, Халықаралық сурдлимпиадалық комитет және Халықаралық арнайы олимпиадалық комитет аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) білдіреді.
      4. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер өздерінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды өзінің қаржыландыру көздері, қайырымдылық көмек, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары есебінен, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бөлінетін бюджет қаражаты есебінен іске асырады.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      15-бап. Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесi және спорт
      1. Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және үлгілік оқу жоспарларына сәйкес оқу уақытында және оқудан тыс уақытта жүзеге асырылады.
      2. Дене тәрбиесi: мектепке дейiнгi ұйымдарда – аптасына кемiнде үш сағат, жалпы бiлiм беретiн мектептерде – аптасына кемiнде үш сағат, колледждерде – аптасына кемiнде төрт сағат, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындарында бірінші және екінші оқу жылдарында білім алушылар үшін аптасына кемінде төрт сағат көлемінде жүргiзiледi.
      Денсаулығы нашар білім алушылар мен тәрбиеленушілер арнайы медициналық топтар мен емдiк дене шынықтыру топтарында айналысады.
      Дене мүмкіндіктері шектеулі білім алушылар мен тәрбиеленушілер бейімдік дене шынықтыру мен спорт құралдарын пайдалана отырып айналысады.
      3. Мектепке дейiнгi білім беру ұйымдары, жалпы бiлiм беретiн мектептер мен басқа да білім беру ұйымдары білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дене тәрбиесiмен айналысу мақсатында дене шынықтыру машықтарын қалыптастырады, оларды спортпен айналысуға тартады, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шаралар өткiзедi және қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да заңды тұлғаларға мектеп жасына дейiнгi балалардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің қатысуымен спорттық iс-шараларды ұйымдастыруға және өткiзуге жәрдемдеседi.
      4. Сабақтан тыс уақытта спортпен айналысу үшiн спорт клубтары, секциялар мен мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдары құрылады, олардың қатарына әртүрлі спорт мектептерi, балалар-жасөспiрiмдердің дене шынықтыру даярлығы клубтары, тұрғылықты жерi бойынша балалар мен жеткіншектер клубтары және қызметi мектеп жасына дейiнгi балалардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дене тәрбиесi мен спорттық даярлығына бағытталған басқа да заңды тұлғалар кiредi.
      5. Дене шынықтыру-спорт ұйымдарында спорт резервін даярлау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша жалпы білім беретін мектептер базасында тереңдетілген оқу-жаттығу процесі негізінде әртүрлі спорт түрлері бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілердің спорттық даярлығын жүзеге асыратын мамандандырылған спорт сыныптары мен топтары құрылады.
      6. Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарда, олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінде спортшыларды даярлау білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      7. Білім беретін оқу орындарында спортшыларды даярлау дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға, бағдарламалар мен нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Мектеп жасына дейінгі білім беру ұйымдарында, мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында және басқа да білім беру ұйымдарында дене тәрбиесі үшін қажетті жағдайлар жасау жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
      9. Білім беру ұйымдарында студенттік және мектеп спортын дамыту мақсатында спорт клубтары, студенттер және оқушылар лигалары, білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында спорт түрлері бойынша федерациялар құрылуы мүмкін.
      10. Студенттік және мектеп спорты саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар студенттік және (немесе) мектеп спорты лигасының мүшелері болуы мүмкін.
      11. Студенттер және оқушылар лигаларын қалыптастыру, студенттер және оқушылар лигалары арасында спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      16-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде,
              басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында,
              құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік
              органдарында әскери-қолданбалы,
              қызметтік-қолданбалы және басқа да спорт түрлерін
              дамыту
      1. Әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің бір немесе бірнеше мемлекеттік органдар қызметінің шеңберінде дамитын қызметтік міндеттерін орындауына байланысты арнайы іс-қимылдары (оның ішінде тәсілдері) әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің негізі болып табылады.
      2. Әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру даярлығы қоршаған ортаның физикалық факторларының өзгерістері ескеріле отырып, әскери қызметтің, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметінің ерекшеліктері мен жауынгерлік және жедел-қызметтік міндеттерді орындауға байланысты әртүрлі жағдайларға әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлері организмінің төзімділігін арттыру мақсатында өткізілетін даярлықтың негізгі нысанасы болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында дене шынықтыру даярлығы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары бекітетін дене шынықтыру даярлығы бойынша бағдарламалар негізінде қызметкерлердің қызметтік міндеттерді табысты орындауы мақсатында жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында әскери қызметшiлер мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін спортпен тұрақты түрде айналысуға тарту мақсатында тиісті әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлерін дамытуды, спортшылар даярлауды жүзеге асыратын, сондай-ақ құрама командаларды жасақтайтын спорт клубтары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары құрылуы және жұмыс істеуі мүмкін.
      5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген ұйымдар оқу-жаттығу процесін жүзеге асырады, барлық санаттағы әскери қызметшiлердің және Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің спортпен айналысуы үшін жағдайлар жасайды, спортшылардың спорттық жарыстарға, оның ішінде оқу-жаттығу және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды, медициналық қызмет көрсетуді, спортшылардың қарқынды дене шынықтыру жүктемелерінен, аурулары мен жарақаттануынан кейін қалпына келтіру іс-шараларын, олардың тамақтануын, тұруын және жол жүруін қамтамасыз етуді, сондай-ақ спорттық жарақпен, спорттық мүкәммалмен және жабдықпен қамтамасыз етуді, жаттықтырушылар мен дене шынықтыру және спорт саласындағы басқа да мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар өткізуді көздейтін, Дүниежүзілік армия ойындарына, Достас армиялардың спартакиадасына, әлем чемпионаттарына және Полицейлер мен өрт сөндірушілердің дүниежүзілік ойындарына қатысуына даярлығын жүзеге асырады.
      6. Әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлерін дамытуға басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары спорттық іс-шараларға қатысу үшін тиісті спорт түрлері бойынша құрама командаларды жасақтайды, әскери қызметшiлер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру даярлығына үнемі тестілеу жүргізіп отырады, республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырады, өткізеді және қамтамасыз етеді, әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық сыныптаманы әзірлейді және оған уақтылы өзгерістер енгізеді, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, спорт төрешілеріне, нұсқаушы-спортшыларға спорттық разрядтар мен дәрежелер, біліктілік талаптарын береді.
      7. Әскери қызметшiлер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері арасында өткізілетін әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары бекітеді.
      17-бап. Еңбек ұжымдарындағы дене шынықтыру және спорт
      1. Заңды тұлғалар жұмыскерлердi сауықтыру бойынша дене шынықтыруды дамыту үшін қаражат көздей алады және жеке адамдардың дене шынықтырумен және спортпен айналысу құқықтарын iске асыруына жағдайлар жасайды.
      2. Жұмыскерлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң жеке және ұжымдық дене шынықтыру-спорт сабақтарын ұйымдастыру үшiн материалдық база құру, оны пайдалану, қаржыландыру, мамандармен қамтамасыз ету ұжымдық шарттарда және (немесе) заңды тұлғаның басқару органының шешімімен айқындалады және (немесе) оны дара кәсіпкер айқындайды.
      3. Еңбек ұжымдарында ерікті негізде және салалық қағидат бойынша спортпен айналысу үшін жеке адамдарды біріктіретін ведомстволық дене шынықтыру-спорт қоғамдары құрылуы мүмкін.
      4. Қоғамдардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны және олардың қызмет тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
      18-бап. Халықтың тұрғылықты жерi бойынша және көпшілік
              демалатын орындардағы дене шынықтыру және спорт
      1. Халықтың тұрғылықты жері бойынша және көпшілік демалатын орындарда дене шынықтыру мен спортты дамыту:
      1) жеке адамдардың дене шынықтырумен және спортпен айналысулары үшін инфрақұрылым жасауды;
      2) спорт клубтары мен секцияларының жұмысын ұйымдастыруды;
      3) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзуді;
      4) дене шынықтыру-спорт ұйымдарына көпшілік демалыс орындарында халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуына арналған қажеттi үй-жайлар бөлуге және спорт ғимараттарын беруге жәрдемдесуді;
      5) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз етуді қамтиды.
      2. Санаториялық-курорттық ұйымдар, пансионаттар, демалыс үйлерi, туристiк базалар және балаларды сауықтыру лагерьлерi жеке, топтық және отбасылық дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткiзу үшін жағдайлар жасайды.
      19-бап. Бейімдік дене шынықтыру және спорт, мүгедектердің
              дене бітімін оңалту және оларды әлеуметтік
              бейімдеу
      1. Бейімдік дене шынықтыру мен спорт әдістерін пайдалана отырып, мүгедектердің дене бітімін оңалту және әлеуметтік бейімдеу спорт клубтарында, мүгедектер мектептері мен секцияларында, дене шынықтыру-спорт ұйымдарында жүзеге асырылады.
      2. Мүгедектерге арналған дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы оқу-жаттығу процесі, даярлық кезеңдерінің мазмұны тиісті паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер әзірлейтін және дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорт түрлері бойынша бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады.
      3. Мүгедектердің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануын ұйымдастыру, кадрлар даярлау, мүгедектердің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануын әдістемелік, медициналық қамтамасыз ету және дәрігерлік бақылау білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, дене шынықтыру және спорт органдарына жүктеледі.
      4. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектерге дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшін спорт ғимараттарына баруға жағдай жасауды, арнайы спорттық мүкаммалды беруді қамтамасыз етеді.
      Мүгедектігінің санатына қарай, санамаланған көрсетілетін қызметтер бюджет қаражаты есебінен және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеңілдікті шарттармен жүзеге асырылады.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары мүгедектердің дене шынықтыру-спорт ұйымдарымен бірлесе отырып, спорт клубтарының, мектептерінің, секцияларының ашылуын қамтамасыз етеді, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде спорттық іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ оларды республикалық спорттық жарыстарға даярлауды және оларға қатысуын ұйымдастырады.
      6. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган мүгедектердің дене шынықтыру-спорт ұйымдарымен бірлесе отырып, республикалық жарыстар өткізуді, мүгедектер арасындағы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) халықаралық спорттық жарыстарға, оның ішінде Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарына және Дүниежүзілік арнайы олимпиада ойындарына даярлауды және оларға қатысуын ұйымдастырады.
      20-бап. Түзеу мекемелеріндегі дене шынықтыру және спорт
      1. Түзеу мекемелерінде сотталған адамдардың дене тәрбиесі жүзеге асырылады.
      2. Түзеу мекемелерінің әкімшілігі дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін жағдайлар қамтамасыз етеді және спорт түрлері жөніндегі қағидаларға сәйкес спорттық іс-шараларды ұйымдастырады.
      3. Сотталғандар дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін өз қаражаты есебінен спорттық киім, аяқкиім сатып алуға құқылы.
   4-тарау. ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІН ДАМЫТУ
      21-бап. Ұлттық спорт түрлері
      1. Ұлттық спорт түрлері спорттың ажырамас бір бөлігі болып табылады, оның танылуы осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары спорт клубтарын, мектептерін, секцияларын ашу, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде спорттық іс-шараларды өткізу, ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық, халықаралық спорттық жарыстарға спортшыларды даярлау және олардың қатысуы, тиісті инфрақұрылым жасау арқылы ұлттық спорт түрлерінің дамуын қамтамасыз етеді.
      3. Ұлттық спорт түрлері бойынша сабақтарды ұйымдастыру, кадрларды даярлау, әдістемелік, медициналық және допингке қарсы қамтамасыз ету, спорттық атақтар мен разрядтарды, жаттықтырушы біліктіліктерін және спорт төрешілерінің санаттарын беру осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық спорт федерацияларымен бірлесіп, халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуді, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) халықаралық және республикалық спорттық жарыстарға даярлауды және олардың қатысуын ұйымдастырады.
      22-бап. Ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктерді,
              спорт клубтарын құру құқығы
      Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бастамалармен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктер, әуесқой және кәсіпқой спорт клубтары мен оларға теңестірілген ұйымдар құруға құқығы бар.
   5-тарау. СПОРТ РЕЗЕРВІ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІКТЕР СПОРТЫ
      23-бап. Спортшылардың құқықтары мен міндеттері
      1. Спортшылардың:
      1) спорт түрін (түрлерін) таңдауға;
      2) таңдаған спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спорттық жарыстарға қатысуға;
      3) бірыңғай спорттық сыныптама нормалары мен талаптарын орындаған кезде спорттық разрядтар мен спорттық атақтар алуға;
      4) дене шынықтыру-спорт ұйымдарының өзара келісімі бойынша бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқасына немесе шетелдік дене шынықтыру-спорт ұйымына өтуге;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спорттық қызмет туралы шарттар жасасуға;
      6) спортшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін халықаралық спорттық ұйымдарда қорғауда таңдаған спорт түрлері бойынша спорт федерацияларынан жәрдем алуға;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Спортшылар:
      1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнiнiң музыкалық редакциясы мен мәтiнiн білуге;
      2) спорттық іс-шараларға қатысу уақытында және спорт ғимараттарында болған кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға;
      3) допингті пайдаланбауға, міндетті допинг-бақылаудан өтудің белгіленген тәртібін сақтауға;
      4) спорт саласындағы этика нормаларын сақтауға;
      5) жарыстарды ұйымдастырушылардың талаптарын осындай жарыстардың ережелеріне сәйкес сақтауға;
      6) санитариялық-гигиеналық талаптарды, медициналық талаптарды сақтауға, тұрақты түрде медициналық тексерулерден өтуге;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
      24-бап. Спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды
              даярлау
      1. Спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды аккредиттелген республикалық федерациялар әзірлейтін және дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін дене шынықтыру-спорт ұйымдарына арналған спорт түрлері бойынша бағдарламаларға сәйкес дене шынықтыру-спорт ұйымдары жүзеге асырады. Спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау оқу-жаттығу процесін және спорттық іс-шаралар өткізуді қамтиды.
      2. Оқу-жаттығу процесі мазмұнын дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін, спортшыларды даярлаудың мынадай кезеңдеріне бөлінеді:
      1) спорттық-сауықтыру;
      2) бастапқы даярлық;
      3) оқу-жаттығу;
      4) спорттық шеберлікті жетілдіру;
      5) жоғары спорт шеберлігі.
      3. Оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру бойынша шығыстар дене шынықтыру-спорт ұйымдарының көзделген қаражаты шегінде жүзеге асырылады.
      4. Спорт түрлері бойынша спортшыларды ұстауға, қамтамасыз етуге, даярлауға және олардың спорттық іс-шараларға қатысуына, оның ішінде спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу оларға қатысты дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарда жүзеге асырылады.
      25-бап. Жоғары дәрежелі спортшылар даярлаудың
              ерекшеліктері
      1. Жоғары дәрежелі спортшылар даярлауды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы қазақстандық және шетелдік мамандар, сондай-ақ дене шынықтыру-спорт ұйымдары жүзеге асырады.
      2. Жоғары дәрежелі спортшылар даярлау Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шарттық негізде жүзеге асырылады.
      3. Спорттық қызмет туралы шартта спортшының, жаттықтырушының және заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік және медициналық сақтандыру туралы ережелер, шартты жасасу және бұзу талаптары қамтылуы тиіс. Спорттық қызмет туралы шартта Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да талаптар мен міндеттемелер қамтылуы мүмкін.
      4. Спортшыны тіркеу туралы куәліктің болуы спорттық қызмет туралы шарттың міндетті талабы болып табылады.
      26-бап. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының
              құрама және штаттық құрама командалары және
              оларды жасақтау тәртібі
      1. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар), спорт түрлері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың құрама командалары халықаралық спорттық іс-шараларға даярлану және қатысу мақсатында жасақталады және негізгі әрі резервтік құрамдардан тұруы мүмкін.
      2. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларына (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларға) кандидаттардың тиісті тізіміне енгізілген спортшылар арасынан жасақталады.
      3. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының штаттық құрама командаларының құрамы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелері арасынан жасақталады.
      4. Спорт түрлері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың құрама қомандаларының құрамы спорт түрлері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың құрама қомандаларына кандидаттардың тиісті тізіміне енгізілген спортшылар арасынан жасақталады.
      5. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың), спорт түрлері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың құрама қомандалары мүшелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету ғылыми-әдістемелік, медициналық-биологиялық, медициналық және допингке қарсы қамтамасыз етуді, спорттық жарақпен қамтамасыз етуді көздейді.
   6-тарау. КӘСІПҚОЙ СПОРТ
      27-бап. Кәсіпқой спортпен айналысу құқығы
      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының шарттық негізде Қазақстан Республикасында да, басқа елдерде де ақы төленетін кәсіпқой спорт қызметімен айналысуға құқығы бар.
      2. Кәсіпқой спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру және спорт саласындағы басқа да мамандардың арасындағы қатынастарды реттеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.
      3. Өз құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау үшін кәсіпқой спортшылар Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес кәсіптік одақтарға біріге алады.
      4. Кәсіптік одақтарды құру тәртібі мен олардың жұмыс істеу шарттары және кәсіпқой спорт сабақтарын өткізу, спорттық қызмет туралы шарттар жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
      5. Спортшылардың, спорт төрешілерінің, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы басқа да мамандардың спорттық жарыстарға дайындалуы мен қатысуына байланысты және олардың табыс көзі болып табылатын кәсіптік қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
      28-бап. Кәсіпқой спортшылар мен жаттықтырушылар, дене
              шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандар
              құқықтарының кепілдіктері
      1. Кәсіпқой спорт клубымен спорттық қызмет туралы шарт жасасқан спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардың өз қызметіне байланысты, оның ішінде өзге кәсіпқой спорт клубына өтуіне байланысты өтемақыларға құқығы бар.
      2. Кәсіпқой спорт клубы кәсіпқой спортшыны тәртіптік жауаптылыққа тартылған кезінде спорт жарысынан шеттету кезеңінде оқу-жаттығу процесіне қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Кәсіпқой спортшыға және жаттықтырушыға, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де маманға тамақтануға, жол жүруге, тұруға және спорттық жарыстарға дайындалуға, қалыпқа келу процесін ұйымдастыруға, спорттық жарақат алған немесе ауырған жағдайда медициналық ем алуға жұмсалған шығыстары, сондай-ақ басқа да шығыстары спорттық қызмет туралы шартта айқындалған мөлшерде өтеледі.
      4. Егер кәсіпқой спортшы кәсіпқой спорт клубының кінәсінен қажетті сақтандыру шарттарын жасаспауына, кәсіпқой спортшының міндетті алдын ала немесе мерзімдік медициналық қарап тексеруден, оқудан, еңбекті қорғау саласындағы білімі мен дағдыларын тексеруден өтпеуіне байланысты спорттық жарыстарға қатысуға жіберілмеген болса, кәсіпқой спорт клубы кәсіпқой спортшыға оның шеккен залалын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтейді.
      29-бап. Кәсіпқой спорт федерациясының құқықтары мен
              міндеттері
      1. Кәсіпқой спорт федерацияларының:
      1) өз құзыреті шегінде осы спорт федерациясының мүшелері болып табылатын немесе осы федерацияны мойындайтын кәсіпқой спорт субъектілерінің орындауы үшін міндетті құжаттарды қабылдауға;
      2) кәсіпқой спортшыларды, кәсіпқой жаттықтырушыларды және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандарды спорттық жарыстарға қатысуға жіберуге;
      3) спорттық жарыстарды ұйымдастыруға және өткізуге, спорттық жарыстарды өткізу құрылымын, күнтізбесін, өзге де шарттарын айқындауға, федерация жарғысымен айқындалған спорттың түрінен спорттық жарыстар өткізуге құқық беруге;
      4) спорттық қызмет туралы шарттарды және кәсіпқой спорт саласындағы өзге де шарттарды тіркеуді және есепке алуды жүзеге асыруға;
      5) федерация өткізетін жарыстарға қатысуға жіберуге құқық беретін кәсіпқой спорт клубтарын сертификаттауды, акрредиттеуді енгізуге және жүзеге асыруға;
      6) спорттық жарыстарда төрешілік етуді ұйымдастыруды жүзеге асыруға;
      7) кәсіпқой спорт клубтары өткізетін спорттық жарыстарға бақылауды жүзеге асыруға;
      8) кәсіпқой спортшыларға спорттық куәліктер мен өзге де құжаттар беруді жүзеге асыруға;
      9) халықаралық спорт федерацияларымен байланысты дамытуға және нығайтуға құқығы бар.
      2. Кәсіпқой спорт федерациясы:
      1) кәсіпқой спорт субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін халықаралық және ұлттық деңгейлерде қорғауды қамтамасыз етуге;
      2) допингті пайдалануға қарсы шаралар қолдануға;
      3) спорт резервін даярлауды жүзеге асыруға;
      4) спорттың инфрақұрылымын және материалдық-техникалық базасын дамытуға;
      5) спортты халық арасында насихаттауды және кеңінен танытуды ұйымдастыруға;
      6) кәсіпқой спорт ардагерлері мен мүгедектеріне көмек көрсетуге;
      7) кәсіпқой спортшыларды тіркеуді жүргізуге;
      8) кәсіпқой спортшылардың тізілімін жүргізуге;
      9) кәсіпқой спортшылардың тіркелгендігі туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға немесе өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруға;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына және федерация жарғысына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
      3. Кәсіпқой спорт федерациясы осы Заңда көзделген жекелеген құқықтар мен міндеттерді, егер олар кәсіпқой спорт федерациясының құрылтай құжаттарына қайшы келмесе, өз араларында жасалатын келісімдер негізінде кәсіпқой спорт ұйымдарына беруге құқылы.
      30-бап. Кәсіпқой спорт клубтарының құқықтары мен
              міндеттері
      1. Кәсіпқой спорт клубы:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спортшылармен, жаттықтырушылармен және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандармен спорттық қызмет туралы шарттарды жасасуға, өзгертуге және бұзуға;
      2) кәсіпқой спортшыларды, кәсіпқой жаттықтырушыларды және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандарды жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізгені үшін көтермелеуге;
      3) кәсіпқой спортшылардан және жаттықтырушылардан, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардан олардың спорттық қызмет туралы жасалған шарттарда қамтылған міндеттерін орындауын талап етуге;
      4) Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Кәсіпқой спорт клубы:
      1) кәсіпқой спортшыға, кәсіпқой жаттықтырушыға және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де маманға спорттық қызмет туралы жасалған шартқа сәйкес төлемдерді уақтылы жүзеге асыруға;
      2) міндетті алдын ала, мерзімдік және кезектен тыс медициналық тексерулерден өту кезеңінде жұмыс орындары (лауазымдары) мен орташа жалақыларын сақтай отырып, өз қаражаты есебінен кәсіпқой спортшылардың, кәсіпқой жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардың көрсетілген медициналық тексерулерден өтуін ұйымдастыруға;
      3) спорт федерациясы белгілеген мерзімде спорт федерациясында спорттық қызмет туралы шарттарды тіркеуді жүргізуге;
      4) жұмыскерлердің жеке қорғану құралдарын қоса алғанда, кәсіпқой спортшының, кәсіпқой жаттықтырушының және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де маманның спорттық қызмет туралы шартта көзделген міндеттерін орындауы үшін оларды қажетті спорттық киіммен, жарақпен, медициналық қызмет көрсетумен және өзге де құралдармен қамтамасыз етуге;
      5) спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары өтетін орындарда күзет пен еңбек гигиенасының талаптарына сай келетін тиісті техникалық жабдықтар құруға және кәсіпқой спортшы мен дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де маманның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
      6) спорттық жарыстарға дайындалу кезінде немесе оларға тікелей қатысу кезінде кәсіпқой спортшы жарақат алған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мән-жайлар болған кезде кәсіпқой спортшыға білікті медициналық көмекті ұйымдастыруға, сондай-ақ осындай жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруді және есепке алуды қамтамасыз етуге;
      7) кәсіпқой спортшы, кәсіпқой жаттықтырушы және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де маман спорттық жарақаттың салдарынан спорттық қызметін уақытша тоқтата тұрған кезеңде оған өз есебінен мөлшері спорттық қызмет туралы шартта көзделген төлемді толық көлемде төлеуге;
      8) спорттық жарыстарға дайындалу және оларға тікелей қатысу кезінде спортта допингті және денсаулыққа зиянды басқа да құралдарды және (немесе) әдістерді пайдалануға қарсы күресуге;
      9) спортты халық арасында насихаттауды және кеңінен таратуды ұйымдастыруға;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәсіпқой спортшының, кәсіпқой жаттықтырушының және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де маманның міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандырылуын жүзеге асыруға;
      11) кәсіпқой спортшыны, кәсіпқой жаттықтырушыны және дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де маманды еңбекті қорғау және жазатайым оқиғалар болған жағдайда алғашқы көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындаудың қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне үйретуге, еңбекті қорғау жөнінде нұсқаулық беруге, жұмыс орнында тағылымдамадан өткізуге және еңбек қорғау талаптарын, жұмысты орындаудың қауіпсіз әдістері мен тәсілдерін білетіндіктеріне тексеру жүргізуге;
      12) жастар арасында спорт резервін даярлауды жүзеге асыруға, балалар спорт мектептерін ашуға, бейіндеуші спорт түріне жаттықтырушылар мен төрешілер даярлауға;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына және құрылтай құжаттарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
   7-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ НОРМАТИВТІК  ТАЛАПТАР
      31-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің –
              Елбасының тестілері
      1. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілері күшті, төзімділікті, жылдамдық пен ептілікті көрсететін дене шынықтыру жаттығуларының түрлерін қамтиды және жеке адамдардың жасына байланысты деңгейлерден тұрады.
      2. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілеріне дене шынықтырумен және спортпен айналысуға денсаулығы жарамды жеке адамдар қатысады.
      3. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілерін орындау жөніндегі жұмысқа басшылық жасауды және оны бақылауды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілерін өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында осы ұйымдардың басшыларына жүктеледі.
      32-бап. Спортшыны тіркеу туралы куәлік
      1. Спортшыны тіркеу туралы куәлік оның спорт федерациясында тіркеуден өткенін растайтын құжат болып табылады.
      2. Спортшыны тіркеу туралы куәлікте:
      1) спортшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болғанда);
      2) жынысы;
      3) туған күні;
      4) тіркеу нөмірі;
      5) тіркеу нөмірі берілген күн;
      6) тіркеуді жүзеге асырған спорт федерациясының атауы;
      7) спорт түрі;
      8) спорттық разрядтар, санаттар мен спорттық атақтар беру туралы мәліметтер;
      9) медициналық қарап-тексеруден өткені туралы мәліметтер;
      10) спорттық жарыстарда қол жеткізген нәтижелері;
      11) жарыстан шеттету туралы мәліметтер;
      12) допинг қолданған жағдайлары туралы мәліметтер;
      13) мемлекеттік наградалар мен көтермелеудің өзге де нысандары туралы мәліметтер;
      14) жаттықтырушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болғанда);
      15) таңдалған спорт түрінің ерекшелігіне байланысты өзге де мәліметтер;
      16) фотосуреті көрсетіледі.
      3. Спортшыны тіркеу туралы куәлікті беру және ауыстыру, спорт федерацияларының спортшыны тіркеу туралы мәліметтерді ұсыну тәртібін, сондай-ақ спортшыны тіркеу туралы куәліктің нысанын дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      33-бап. Мүгедек спортшылардың сыныптамасы
      1. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстарда тең сайыс жағдайларын жасау мақсатында ұйымдастырушылар тиісті жарыстарға қатысуға өтінім берген мүгедек спортшыларға олардың функционалдық мүмкіндік деңгейлері бойынша сыныптау жүргізуді қамтамасыз етеді.
      2. Мүгедек спортшыларды сыныптауды жүргізу тәртібі мен шарттарын Халықаралық паралимпиадалық комитеттің, Халықаралық сурдлимпиадалық комитеттің, Халықаралық арнайы олимпиадалық комитеттің және (немесе) мүгедектердің тиісті халықаралық спорт ұйымдарының талаптарын ескере отырып, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктер әзірлейді.
      3. Сыныптау жүргізуді паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктер берген тиісті құжаты бар сыныптаушы жүзеге асырады.
      4. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша сыныптаушылар мен спорт төрешілерін даярлауды Халықаралық паралимпиадалық комитеттің, Халықаралық сурдлимпиадалық комитеттің және Халықаралық арнайы олимпиадалық комитеттің ұсынуы бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен сыныптаушылар мен спорт төрешілерін даярлау жөніндегі оқыту семинарларының жоспарларына сәйкес паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктер жүзеге асырады.
      34-бап. Спорт түрлерін және спорт салаларын тану. Спорт
              түрлерінің тізілімі
      1. Қазақстан Республикасының аумағында спорт түрлері мен спорт салаларын тануды спорт түрлерінің тізіліміне енгізу арқылы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында спорттық іс-шараларды өткізу спорт түрлерінің тізіліміне енгізілген спорт түрлері мен спорт салалары бойынша жүзеге асырылады.
      35-бап. Бірыңғай спорттық сыныптама. Жаттықтырушылардың,
              әдіскерлердің, нұсқаушы-спортшылардың және спорт
              төрешілерінің біліктілік санаттары
      1. Бірыңғай спорттық сыныптама спортшылар мен жаттықтырушыларға мынадай спорттық атақтар, разрядтар көздейді:
      1) спорттық атақтар:
      «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері»;
      «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері»;
      «Қазақстан Республикасының спорт шебері»;
      «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы»;
      2) спорттық разрядтар:
      «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат»;
      1-разрядты спортшы;
      2-разрядты спортшы;
      3-разрядты спортшы;
      1-жасөспірімдік разрядты спортшы;
      2-жасөспірімдік разрядты спортшы;
      3-жасөспірімдік разрядты спортшы.
      2. Әскери даярлық саласындағы спортшыларға мынадай спорттық разрядтар беріледі:
      1) әскери-спорттық кешеннің үздігі;
      2) бірінші дәрежелі жауынгер-спортшы;
      3) екінші дәрежелі жауынгер-спортшы.
      3. Әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлері бойынша спорттық разрядтарды беру нормалары мен талаптарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары белгілейді.
      4. Жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, нұсқаушы-спортшыларға және спорт төрешілеріне мынадай біліктілік санаттары беріледі:
      1) жаттықтырушыларға:
      біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы;
      біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы;
      біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы;
      біліктілігі орта деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы;
      біліктілігі орта деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы;
      біліктілігі орта деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы;
      2) әдіскерлерге:
      біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты әдіскер;
      біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты әдіскер;
      біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты әдіскер;
      біліктілігі орта деңгейдегі жоғары санатты әдіскер;
      біліктілігі орта деңгейдегі бірінші санатты әдіскер;
      біліктілігі орта деңгейдегі екінші санатты әдіскер;
      3) нұсқаушы-спортшыларға:
      біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты нұсқаушы-спортшы;
      біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты нұсқаушы-спортшы;
      біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты нұсқаушы-спортшы;
      4) спорт төрешілеріне:
      жоғары санатты ұлттық спорт төрешісі;
      ұлттық спорт төрешісі;
      бірінші санатты спорт төрешісі;
      спорт төрешісі.
      36-бап. Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай
              күнтізбесі
      Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі республикалық және өңірлік деп бөлінеді және ол деңгейіне байланысты жыл сайынғы халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі спорттық жарыстардың, сондай-ақ спорттық жарыстарға дайындық жөніндегі іс-шаралардың тізбесін айқындайды.
      37-бап. Спорт түрі бойынша қағидалар
      1. Аккредиттелген республикалық спорт федерациялары белгілі бір әрбір спорт түрі бойынша халықаралық спорт ұйымдарының талаптарын (бар болғанда) ескере отырып, Спорт түрі бойынша қағидаларды әзірлейді және бекітеді.
      2. Спорттың әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы түрлері бойынша қағидаларды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары әзірлейді және бекітеді.
      38-бап. Спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды
               ұйымдастыру және өткізу қағидалары
      Ескерту. 38-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 22.01.2016 № 446-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      1. Республикалық спорттық жарыстар дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті органның шешімі және спорт түрлері бойынша аккредиттелген республикалық федерациялармен келісу бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың республикалық бірыңғай күнтізбесіне сәйкес өткізіледі.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық спорттық жарыстар халықаралық спорт ұйымдарының және дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша өткізіледі. Бұл жарыстар спорттық-бұқаралық іс-шаралардың республикалық бірыңғай күнтізбесіне енгізіледі.
      3. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстар жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша және аккредиттелген тиісті жергілікті спорт федерацияларымен келісу бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың өңірлік бірыңғай күнтізбесіне сәйкес өткізіледі.
      4. Спортық жарыстар спорт түрлерінің тізіліміне енгізілген спорт түрлері бойынша жарыстар туралы ереженің (регламенттің) негізінде өткізіледі.
      5. Халықаралық спорттық жарыстар дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша аккредиттелген республикалық спорт федерациялары әзірлейтін және бекітетін жарыстар туралы ережелерге (регламенттерге) сәйкес өткізіледі.
      6. Республикалық спорттық жарыстар дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша аккредиттелген республикалық федерациялар әзірлейтін және бекітетін жарыстар туралы ережелерге (регламенттерге) сәйкес өткізіледі.
      7. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстардың ережелерін (регламенттерін) аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары әзірлейді және оны жергілікті атқарушы орган бекітеді.
      8. Спорттық іс-шараларды, оның ішінде оқу-жаттығу жиындарын өткізу тәртібін, спорттық іс-шаралар түрлерінің тізбесі мен олардың сыныптамасын дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      9. Міндетті медициналық тексеруден өткен спортшылардың оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шараларға қатысуға құқығы бар.
      10. Спорт федерациялары, бас жаттықтырушылар спорттық іс-шараларды ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану тәртібін сақтауын, сондай-ақ, спортшылардың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы мен мәтінін білуін қамтамасыз етуге міндетті.
      11. Спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар іс-шара өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей – көрермендердің болжалды саны туралы, күнтізбелік бір күн бұрын – сатылған билеттердің, берілген рұқсаттамалардың, оның ішінде көлік құралдарына рұқсаттамалардың, сондай-ақ ішкі істер және денсаулық сақтау органдарының арнаулы техникасына, мүгедектердің көлік құралдарына арналған тұрақ орындарының саны туралы жергілікті атқарушы органдарға ақпарат беруге міндетті.
      12. Спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық ішкі істер органдары мен мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
      13. Спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құрады, олар осы іс-шараларды дайындауға және өткізуге қатыстырылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді.
      14. Спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар:
      1) жеке тұлғалардың қауіпсіздігі, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған орындардың, оның ішінде олардағы мүліктің сақталуы үшін жағдайлар жасауға, сондай-ақ ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жәрдемдесуге;
      2) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындармен шекаралас аумақтың абаттандырылуы бұзылған жағдайда, оны қалпына келтіруді қамтамасыз етуге;
      3) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда көрермендердің жүріс-тұрыс қағидаларын орналастыруға міндетті.
      15. Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде жеке және заңды тұлғаларға келтiрілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеледі.
      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.01.2016 № 446-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      39-бап. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын, спорттық
              жарыстарды және спорттық-бұқаралық іс-шараларды
              өткізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын сақтау,
              жеке адамдардың денсаулығын қорғау
      1. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын өткізу кезінде дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандар дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін қауіпсіздік қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді.
      2. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары ұйымдарының әкiмшiлiгi сабақтар мен спорттық жарыстар өткiзiлетiн орындарды қауiпсiздiк техникасы қағидаларына, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес спорттық мүкәммалмен және жабдықпен қамтамасыз етедi және жеке адамдардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      3. Сабақтар мен спорттық жарыстарды өткiзуге арналған спорт ғимараттары техникалық, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге, спорт ғимараттарын пайдалану мен өрт қауiпсiздiгi қағидаларына сай келуге және мүгедектер үшін қолжетімді болуға тиіс.
      4. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандар дене шынықтырумен және спортпен айналысатын жеке адамдардың денсаулығына келтiрілген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      5. Спортпен ұйымдасқан түрде шұғылдану кезінде спортшының, жаттықтырушының немесе төрешінің денсаулығына зиян келтірілгені үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасы және спортшының, жаттықтырушының немесе төрешінің спорт ұйымымен жасасқан шарт талаптары негізінде белгіленеді.
      6. Жеке тұлғалар мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күрделендіретін спорт құрылыстарын, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған орындарды пайдалану және өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын, оның ішінде мiнберлердің тіреуіш конструкцияларының ескіруі, мінбер астындағы үй-жайларда жанатын қауіпті заттар мен материалдардың орналастырылуы, авариялық жарық берудің және эвакуациялау жолдарының болмауы, өртке қарсы қорғану құралдарының болмауы немесе олардың ақаулы болуы бөлігінде бұзушылықтар, сондай-ақ өрттің туындауына әкеп соғуы мүмкін электр жабдығын монтаждау және пайдалану қағидаларын, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздік жағдайларын бұзушылықтар анықталған жағдайда, ішкі істер органдары не халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган енгізетін ұсыну бойынша жергілікті атқарушы органдар қауіпсіздік жағдайларының анықталған бұзушылықтары жойылғанға дейін осындай іс-шараларды өткізуге тыйым салады.
       7. Алып тасталды - ҚР 22.01.2016 № 446-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.01.2016 № 446-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
   8-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫН КАДРЛЫҚ, ҒЫЛЫМИ,
МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ДОПИНГ-БАҚЫЛАУ
      40-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласында мамандар
             даярлау
      1. Дене шынықтыру мен спорт саласында мамандарды даярлау Қазақстан Республикасының білім беру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Мемлекет білім беру ұйымдарында оқу мақсатына арналған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары кешенін, жабдықтардың үлгілік жиынтығын, дене шынықтыру мен спорт саласындағы түрлі бейіндегі мамандарды даярлауға арналған мамандандырылған спорт ғимараттарын және мүкәммалын қамтитын материалдық-техникалық базаны нығайтуға жәрдемдеседі.
      3. Спорт бойынша мамандандырылған оқу орындарында және дене тәрбиесі факультеттерінде адамдарды оқыту бюджет қаражаты, ұйымдардың қаражаты, ерікті жарналар, қайырымдылық қорлары және жекелеген адамдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      4. Дене шынықтыру мен спорт бойынша педагогикалық, жаттықтырушылық-оқытушылық қызметке жоғары немесе орта арнайы дене шынықтыру білімі туралы дипломы бар адамдар жіберіледі.
      5. Спорттық жарыстар мен спорттық-бұқаралық іс-шараларға төрешілік етуге дене шынықтыру-спорт ұйымдарында арнайы даярлықтан өткен және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спорт төрешілері ретінде аттестатталған адамдар жіберіледі.
      41-бап. Жаттықтырушыларды, спорт төрешілерін аттестаттау
      1. Спорт түрлері бойынша жаттықтырушыларды аттестаттау жаттықтырушылардың спортшыларды даярлау бойынша жұмысты жүргізу құқығын растау мақсатында, қауіпсіздік техникасы қағидалары бойынша білімін қоса алғанда, жаттықтырушылардың тиісті спорт түрі саласындағы тиісті біліктілігі мен білімін тану және растау рәсімі болып табылады.
      2. Спорт төрешілерін аттестаттау спорттық іс-шараларда төрешілік жұмысты жүргізу құқығын растау мақсатында спорт төрешілерінің тиісті спорт түрі саласындағы тиісті біліктілігі мен білімін тану және растау рәсімі болып табылады.
      3. Аттестаттауды аккредиттелген республикалық спорт федерациялары жүргізеді.
      4. Осы Заңның 35-бабының 1 және 4-тармақтарында көзделген спорттық атақ немесе біліктілік санатын алған жаттықтырушылар мен спорт төрешілері аттестатталуға жатпайды.
      5. Жаттықтырушылар мен спорт төрешілерін аттестаттау нәтижелері бойынша оларға төрт жыл мерзімге аттестаттау туралы куәлік беріледі.
      42-бап. Дене шынықтыру мен спортты дамытуды
              ғылыми-әдістемелік және ғылыми-техникалық
              қамтамасыз ету
      1. Дене шынықтыру мен спорт саласында іргелі, іздестіру, тәжірибелік-конструкторлық, технологиялық, қолданбалы және басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді белгіленген тәртіппен құрылған және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар, дене шынықтыру мен спорт саласындағы білім беру мекемелері жүзеге асырады.
      2. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) немесе ведомстволық бағынысты ұйымдар жанындағы кешенді ғылыми топтардың, уақытша ғылыми ұжымдардың қызметін үйлестіреді.
      3. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік ғылыми-әдістемелік бірлестіктердің, кешенді ғылыми топтардың қызметін үйлестіреді.
      43-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы медициналық
              қамтамасыз ету
      1. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету:
      1) олардың денсаулық жағдайын жүйелі түрде бақылауды;
      2) физикалық жүктемелерінің өздерінің денсаулық жағдайына барабарлығын бағалауды;
      3) аурулардың, жарақаттардың профилактикасын және оларды емдеуді, медициналық оңалтуды, нормативтерге сәйкес дәрумен беруді және дәрілік заттармен қамтамасыз етуді;
      4) дене шынықтырумен және спортпен айналысу кезінде пайдаланылатын құралдармен және әдістермен денсаулығын қалпына келтіруді қамтиды.
      2. Спортшыларды медициналық қамтамасыз ету, спорттық іс-шаралар өткізу кезінде медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, спорттық медицина ұйымдарын құру тәртібі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      44-бап. Спортта допингті, спортта допингтік
              субстанцияларды және (немесе) әдістерді
              пайдалануға қарсы іс-қимыл
      1. Спортта допингті болдырмау және онымен күрес Қазақстан Республикасының және халықаралық допингке қарсы ұйымдардың допингке қарсы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Бір немесе бірнеше мынадай бұзушылықтар:
      1) спортшының немесе спорттық жарысқа қатысатын жануардың допингті пайдалануы;
      2) допингке қарсы қағидаларға сәйкес хабарлама алғаннан кейін спортшының сынама тапсыруға келуден бас тартуы, спортшының дәлелді себепсіз сынама тапсыруға келмеуі немесе спортшының сынама тапсырудан өзгеше түрде жалтаруы;
      3) допингке қарсы қағидалардың жарыстан тыс кезеңде сынама алу үшін спортшының қолжетімді болуына қатысты талаптарының бұзылуы, соның ішінде оның тұратын жері туралы ақпаратты бермеуі және оның тестілеуге қатысуға келмеуі;
      4) допинг-бақылаудың кез келген кезеңінде бұрмалау немесе бұрмалауға әрекеттену;
      5) Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің тыйым салынған субстанцияларын терапевтік пайдалану үшін Халықаралық стандартқа сәйкес берілген тыйым салынған субстанцияларға және (немесе) тыйым салынған әдістерге оларды терапевтік пайдалануға рұқсатсыз иелік ету;
      6) допинг туралы үгіт ақпаратты тарату допингке қарсы қағидаларды бұзу болып табылады.
      3. Спортшылардың, сондай-ақ жаттықтырушылардың, спорттық медицина бойынша мамандардың, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзуына, спорттық жарысқа қатысатын жануарларға қатысты допинг пайдалануға жол берілмейді. Спортшының, сондай-ақ спорттық жарысқа қатысатын жануарға қатысты допингті пайдалану фактісі Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік аккредиттеген зертханаларда жүргізілген зерттеулердің нәтижелерімен расталады.
      4. Допинг-бақылау тестілер өткізуді жоспарлауды, сынамалар алуды, оларды сақтауды, тасымалдауды, сынамаларды зертханалық талдауды, тестілеуден кейінгі рәсімдерді, сондай-ақ тиісті тыңдаулар өткізу мен апелляцияларды қарауды қамтитын процесті білдіреді.
      5. Допинг-бақылау (тестілеу) рәсімі жарыс кезеңінде және жарыстан тыс кезеңде жүзеге асырылады. Жарыс кезеңі деп, егер тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясы қағидаларында немесе өзге де халықаралық допингке қарсы ұйымда не Ұлттық допингке қарсы орталықта өзгеше көзделмесе, спортшының және (немесе) жануардың нақты спорттық жарысқа қатысуына байланысты кезең түсініледі. Жарыс кезеңіне қосылмаған уақыт жарыстан тыс кезең болып табылады.
      6. Допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар:
      1) допинг-бақылау жүргізуді;
      2) спортшылардың, жаттықтырушылардың, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардың допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін жауаптылығын белгілеуді;
      3) допингті қолданудың алдын алуды;
      4) допинг-бақылауды жүргізетін мамандардың біліктілігін арттыруды;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарында допингке қарсы насихат жүргізуді;
      6) спортта допингті болдырмауға және оған қарсы күреске бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізуді;
      7) спортшылардың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру құралдары мен әдістерін әзірлеу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізуді;
      8) құрамына тыйым салынған субстанцияларды қосу арқылы дәрілік заттар мен тағамдық қоспалардың сапасын бұрмалағаны, осындай дәрілік заттар мен тағамдық қоспаларды өткізгені үшін, сондай-ақ, тыйым салынған субстанцияларды әзірлеу, дайындау, пайдалану тәсілдері, әдістері және оларды сатып алу орындары туралы мәліметтерді таратуға бағытталған қызмет үшін жауаптылықты белгілеуді;
      9) допингке қарсы қағидаларда көзделген допинг-бақылау жүргізу шарттарын бұзғаны үшін дене шынықтыру-спорт ұйымдарының жауаптылығын белгілеуді;
      10) спортта допингті болдырмау және онымен күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды қамтиды.
      7. Спорттық жарыстарды ұйымдастырушылар халықаралық спорт ұйымдарының талаптары мен шешімдерін және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, міндетті допинг-бақылауды жүргізу шарттарын қамтамасыз етуге міндетті.
   9-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК
ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР ЖҮЙЕСІ
      45-бап. Спортшылардың әлеуметтік қорғалуы
      1. Жергілікті атқарушы органдар, спорт федерациялары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары аса көрнекті спортшыларға – «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», «КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атақтары бар, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамына кірген немесе кіретін олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне, әлем чемпиондарына, олардың «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» немесе «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атақтары бар жаттықтырушыларына ай сайын ақшалай үлес төлейді.
      2. Жергілікті атқарушы органдар, спорт федерациялары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамына кіретін спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына, сондай-ақ спорттың ойналатын түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (ұлттық құрама командалардың) құрамында ойнайтын спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына және клубтық командалардың жетекшілеріне ай сайын ақшалай үлес төлейді.
      3. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелері халықаралық жарыстарда спорттық жарақаттар алған және мертіккен кезде, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтемақы төлеуді жүзеге асырады.
      46-бап. Спортшылар мен жаттықтырушыларды мемлекеттік
              әлеуметтік қолдау
      1. Мемлекет ай сайынғы төлемдерді білдіретін өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету түрінде (бұдан әрі – материалдық қамтамасыз ету) спортшылар мен жаттықтырушыларды әлеуметтік қолдауды жүзеге асырады.
      2. Материалдық қамтамасыз етуді алу құқығына кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар мына спортшылар мен жаттықтырушылар ие:
      1) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олипиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атағын жеңіп алған спортшылар;
      2) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олипиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атағын жеңіп алған спортшыларды даярлаған жаттықтырушылар.
      3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген бірнеше негіздер бойынша бір мезгілде материалдық қамтамасыз етуді алуға құқығы бар адамдарға материалдық қамтамасыз ету ең жоғары мөлшерде негіздердің тек біреуі бойынша ғана төленеді.
      47-бап. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының
              чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру
              және оны сатып алу тәртібі
      1. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары немесе жүлдегерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының спортшыларына тұрғын үй аталған адамдарға меншік құқығымен беріледі.
      2. Бір Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында біреуден көп медаль жеңіп алған адамдарға жергілікті атқарушы органнан бір рет тұрғын үй алу құқығы беріледі.
      3. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін тұрғын үйді жергілікті атқарушы органдар спортшының тұрғылықты жеріне және алған орнына қарай республика қалаларынан алып береді.
      4. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін мынадай шарттар белгіленеді:
      1) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған чемпионға – үш бөлмелі пәтер;
      2) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алған чемпионға – екі бөлмелі пәтер;
      3) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған чемпионға – бір бөлмелі пәтер.
      5. Тұрғын үй алуға құқығы бар адамдар (бұдан әрі – өтініш беруші) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары аяқталған күннен бастап бір ай ішінде тиісті жергілікті атқарушы органға тұрғын үйдің орналасу орнын (қала, облыс) көрсете отырып өтініш береді және мынадай құжаттарды:
      өтініш берушінің жеке куәлігінің нотариат куәландырылған көшірмесін;
      тиісті Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада комитеттерінен Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы немесе жүлдегері атағын растайтын жарыстар хаттамасының көшірмесін ұсынады.
      6. Жергілікті атқарушы орган қажетті құжаттарды алған соң мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:
      1) бес жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруді жүзеге асырады және тұрғын үй беру немесе бермеу туралы шешім шығарады;
      2) шешім қабылданғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша жауап жібереді;
      3) он жұмыс күні ішінде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша өтінім жібереді;
      4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім жасайды;
      5) ағымдағы нысаналы трансферттер түскен күннен бастап алты айдан кешіктірілмейтін мерзімдерде Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін тұрғын үй сатып алады;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес спортшылардың – Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары чемпиондарының немесе жүлдегерлерінің меншігіне тұрғын үйді береді.
      7. Жергілікті атқарушы орган:
      1) осы баптың 5-тармағында көрсетілген барлық құжаттар ұсынылмаған;
      2) өтініш беруші осы баптың 1-тармағының шарттарына сәйкес келмеген жағдайларда өтініш берушіге мемлекеттік көтермелеуді тағайындаудан бас тартады.
      8. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондарына немесе жүлдегерлеріне тұрғын үй алуды (сатып алуды) қаржыландыру Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары аяқталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ағымдағы нысаналы трансферттерді аудару арқылы жүзеге асырылады.
      9. Бұл нормалар осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері атағын жеңіп алған адамдарға қолданылмайды.
      48-бап. Дене шынықтыру саласындағы жеңілдікпен
              көрсетілетін қызметтер
      Мүгедектерді қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерін тегін немесе жеңілдікті шарттармен пайдаланатын азаматтар санаттарының тізбесін, сондай-ақ жеңілдіктер мөлшерін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және дене шынықтыру-спорт ұйымдары әкімшілігінің шешімдерімен дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
   10-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТТЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ
ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
      49-бап. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру көздері
      Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
      50-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы демеушілік
              пен кәсіпкерлік қызмет
      1. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардан басқа, жеке және заңды тұлғалар дене шынықтыру-спорт ұйымдарының, командалардың немесе спорттық іс-шаралардың демеушілері бола алады. Демеушілер мен дене шынықтыру-спорт ұйымдары, командалар, іс-шараларды ұйымдастырушылар арасындағы қатынастар шарттық негізде белгіленеді. Демеушілер спорттық іс-шараларды қаржыландыра отырып, оларды демеушілердің немесе олардың өнімдерінің белгісімен (эмблемасымен) өткізу құқығына ие болады.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар дене шынықтыру-спорт ұйымдарына және жекелеген адамдарға қызмет көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады, дене шынықтыру-спорт және оған ілеспе тауарларды өндіре алады, дене шынықтыру мен спортты жарнама қызметінде пайдалана алады.
      51-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары
      1. Дене шынықтыру мен спорттың материалдық базасын әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне жататын дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының барлық түрлері құрайды.
      2. Спорт ғимараттары мемлекеттік және (немесе) жеке меншікте болуы мүмкін.
      3. Аумақтарды дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарымен қамтамасыз ету қажеттілігін айқындау, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын орналастыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Мемлекет меншігіндегі дене шынықтыру-сауықтыру, спорт ғимараттарын оларға тең дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық ғимараттарды құрмай тұрып жоюға, олардың нысаналы және функционалдық мақсатын өзгертуге жол берілмейді.
      5. Меншігінде немесе иелігінде спорт ғимараттары бар адамдар техникалық регламенттер, стандарттар талаптарына, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары белгілеген нормаларға, қағидалар мен талаптарға, санитариялық қағидаларға сәйкес спорттық іс-шаралар өткізілетін орындарды тиісінше техникалық жабдықтармен қамтамасыз етеді.
      52-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт
              ғимараттарының тізілімі
      1. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімі дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары туралы мәліметтерді есепке алуға және сақтауға арналған ақпараттық жүйені білдіреді.
      2. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары тізілімге енгізілуге жатады.
      3. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімі мынадай міндетті мәліметтерді:
      1) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының толық атауын;
      2) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының мекенжайын (тұрған жерін);
      3) меншігінде дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимараты бар меншік иесі туралы мәліметтерді;
      4) пайдалануға беру, реконструкциялаудың, күрделі жөндеудің аяқталған күнін;
      5) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының функционалдық мақсатын;
      6) біржолғы қабылдау қабілетін;
      7) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимараты орналасқан жер учаскесінің алаңын;
      8) ғимараттарда қызмет көрсетуші персоналға арналған орындардың бар немесе жоқ екендігін;
      9) медициналық қызмет көрсетуге және допинг-бақылау жүргізуге арналған арнайы жабдықталған үй-жайдың бар немесе жоқ екендігін;
      10) көрермендерге арналған орындардың санын қамтиды.
   11-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
      53-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы халықаралық
              ынтымақтастық
      1. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық дене шынықтыру-спорт ұйымдары, сондай-ақ халықаралық дене шынықтыру-спорт ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктері құрылуы мүмкін. Ұлттық дене шынықтыру-спорт ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз қызметін жүзеге асыруға шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды тартуға, сондай-ақ шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақша қаражатына және өзге де мүлікке өз бетінше иелік етуге құқылы.
      54-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласында ерікті негізде
              жұмыс жүргізетін ұйымдастырушылар (спорт
              еріктілері)
      1. Спорт түрлері және өндірістік гимнастика бойынша жаттықтырушылар, нұсқаушылар, спорт төрешілері, халықпен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмысын ұйымдастырушылар (спорт еріктілері) ерікті негізде дене шынықтыру мен спорт саласындағы қоғамдық қызметті жүзеге асыра алады, дене шынықтыру-спорт ұйымдарында арнайы даярлықтан және аттестаттаудан өте алады.
      2. Тиісті даярлықтан және аттестаттаудан өтпеген, осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға спорт сабақтарын ұйымдастыру мен өткізуге, спорттық жарыстарға төрешілік етуге және өз бетінше өзге де спорттық қызметпен айналысуға жол берілмейді.
      55-бап. Қазақстан Республикасының аумағындағы
              шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың
              дене шынықтыру мен спорт саласындағы құқықтары
      Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, халықаралық спорттық жарыстарда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) құрамында өнер көрсету құқығын қоспағанда, осы Заңда көзделген көлемде дене шынықтырумен және спортпен айналысу құқықтарын пайдаланады.
   12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
      56-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік
              бақылау
      1. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      57-бап. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және
              спорт саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін
              жауаптылық
      Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      58-бап. Өтпелі ережелер
      1. Спорт федерациялары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде өздерінің қызметін осы Заңның талаптарына сәйкес келтіруі тиіс.
      2. Осы Заңның 41-бабында көрсетілген жаттықтырушылар мен спорт төрешілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде аттестатталуға жатады.
      59-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      1. Осы Заң оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Дене шынықтыру және спорт туралы» 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 24, 1065-құжат; 2003 ж., № 15, 129-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 15-16, 77-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 111-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 25-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 84-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 1, 4-құжат) күші жойылды деп танылсын.
   
  Қазақстан Республикасының
  Президенті                                    Н. НАЗАРБАЕВ