Басы » Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімі » Нормативтік құжаттар » Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 32 " Жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу қағидаларын бекіту туралы" қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 32 " Жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу қағидаларын бекіту туралы" қаулысы
Автор: Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімі
16-01-2017 06:17
Жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу қағидалары
 
1. Жалпы ережелер
 
      1. Осы Жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу тәртібін айқындайды.
      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) индустриялық-инновациялық жоба – технологиялар трансфертіне, жаңа немесе жетілдірілген өндірістер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер жасауға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені (бұдан әрі – жоба);
       2) индустрияландыру картасы республика деңгейінде индустриялық-инновациялық жүйені мониторингтеу (iске асыру) құралы болып табылады және мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатын, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа индустриялар қалыптастыратын, кластерлерді дамытатын басым секторлардағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері іске асыратын индустриялық-иновациялық жобалардың жиынтығын білдіреді;
       3) өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы өңір деңгейінде индустриялық-инновациялық жүйені мониторингтеу (iске асыру) құралы болып табылады және мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатын, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің басым секторларындағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері іске асыратын индустриялық-иновациялық жобалардың жиынтығын білдіреді;
      4) өтініш беруші – жобаны жоспарлауды және іске асыруды жүзеге асыратын жеке/заңды тұлға;
      5) өңірлік үйлестіру кеңесі – жалпы санының кемінде 50 %-ы бизнес-қоғамдастық өкілдерінен тұратын, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері құратын және басқаратын консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – кеңес);
      6) жобаларды қарау жөніндегі салалық комиссия – мемлекеттік органның қызметкерлері мен тиісті саланы білдіретін бизнес-қауымдастық мүшелері қатарынан келісім бойынша тиісті салалық мемлекеттік орган басшысының бұйрығымен қалыптасатын, нақты салалар бойынша индустрияландыру картасына енгізуге ұсынылатын жобаларды қарайтын консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – салалық комиссия);
       7) уәкілетті орган – индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 
      8) индустрияландыру картасының мәселелері жөніндегі штаб – жобаларды қарау жөніндегі мүдделі салалық комиссиялардың басшылары, уәкілетті органның, салалық министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық холдингтер мен даму институттарының, сондай-ақ басқа да мүдделі ұйымдардың қызметкерлері қатысатын индустрияландыру картасына енгізу үшін жобаларды қарау мәселесі жөніндегі уәкілетті орган жанындағы комиссия (бұдан әрі – штаб);
      9) Қазақстан Республикасын өнеркәсіптік дамыту жөніндегі комиссия – Қазақстан Республикасын өнеркәсіптік дамыту саласында ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – комиссия);
      10) жергілікті уәкілетті орган – кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласындағы даму, үйлестіру, реттеу және басқару функцияларын жүзеге асыратын, тиісті аумақтағы индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысатын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органы;
      11) салалық орталық атқарушы орган – тиісті мемлекеттік басқару саласына (аясына) басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      12) жауапты мемлекеттік орган – жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік орган;
      13) өңірлік кәсіпкерлер палатасы – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүйесіне аумақтық деңгейде кіретін облыс, республикалық маңызы бар қала және астана кәсіпкерлерінің палатасы (бұдан әрі – өңірлік палата).
 
2. Жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу тәртібі
 
      3. Жобаларды индустрияландыру картасына енгізу кезең-кезеңмен жүргізіледі:
      1) бірінші кезең – жобаларды жергілікті деңгейде қарау;
      2) екінші кезең – жобаларды орталық деңгейде қарау;
      3) үшінші кезең – жобаларды уәкілетті органда қарау;
      4) төртінші кезең – жобаларды комиссияда қарау.
      4. Жобаларды өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізу кезең-кезеңмен жүргізіледі:
      1) бірінші кезең – жобаларды жергілікті деңгейде қарау;
      2) екінші кезең – салалық комиссияда қарамай, жобаларды салалық тиесілілік бойынша орталық деңгейде қарау.
      5. Мынадай:
      1) құны 4,5 млрд. теңгеге дейінгі жобалар өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізіледі;
      2) құны 4,5 млрд. теңгеден басталатын жобалар индустрияландыру картасына ұсынылады;
      3) мемлекеттік қолдау шараларын талап етпейтін жобалар индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізілмейді.
       6. Индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына жобаларды іріктеу Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылады.
       7. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган, өзге де мемлекеттiк органдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау шараларын қарау, келiсу және ұсыну кезiнде мынадай өлшемшарттардың бiрiн:
      1) инновациялық – экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi ескере отырып, жаңа немесе жетiлдiрiлген өндiрiстердi, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi жасау арқылы қызметтiң экономикалық тиiмдiлiгiн арттыруға бағыттылықты;
      2) бәсекеге қабiлеттiлiк – қол жеткiзiлетiн нәтиженiң оны алуға кеткен шығындарға қатысы ретiнде айқындалатын, қол жеткiзiлетiн экономикалық және әлеуметтiк тиiмдiлiк деңгейiнде көрiнетiн ұқсас индустриялық-инновациялық жобалармен салыстырғандағы артықшылықты;
      3) ауқымдылық – Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту үшiн индустриялық-инновациялық жобаны іске асырудың маңыздылығын басшылыққа алуға міндетті.
       8. Индустрияландыру картасының және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарының жобалары Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын ескере отырып іріктеледі.
      9. Өтінімдерді қабылдауды жергілікті уәкілетті орган тұрақты негізде жүзеге асырады.
      10. Өтініш беруші жобаны индустрияландыру картасына немесе өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізу үшін тиісті өңірдің жергілікті уәкілетті органына мынадай құжаттарды электрондық және қағаз жеткізгіштерде қолма-қол ұсынады:
       1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім;
       2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш беруші бекіткен жоба паспортының көшірмесі; 
       3) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш беруші бекіткен жобаны іске асыру жоспар-кестесінің көшірмесі;
      4) жобаны қаржыландырудың пысықталғанын растайтын құжаттардың көшірмелері (ниет білдіру туралы меморандум және келісім және/немесе қаржыландыру туралы шешім);
       5) құны 900 млн. теңгеден басталатын жобалар үшін осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жоба туралы ақпарат;
      6) мынадай мәліметтерді: жобаның атауын, жобаның мақсатын; өтініш берушіні; іске асыру орнын; іске асыру кезеңін; жобаның жалпы құнын; қаржыландыру құрылымын; күтілетін нәтижелерді; құрылыс және пайдалану кезеңінде жұмыс орындарын құруды қамтитын 1 парақтағы слайд-таныстыру;
      7) жобаны іске асыру кезінде жер учаскесін бөлу қажет болған жағдайда бос жер учаскесінің болуын растайтын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі жергілікті атқарушы орган хатының көшірмесі, сондай-ақ жоба орналасқан жердің координаталары (схемасы), оны іске асыруға бөлінген жоспарланған алаң көрсетілген жер учаскесін алдын ала таңдау актісінің сканерленген көшірмесі қоса беріледі.
       11. Құжаттар осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес келмеген жағдайда жергілікті уәкілетті орган құжаттарды өтініш берушіге берілген күні қарамай қайтарады.
      12. Құжаттар қайтарылған жағдайда өтініш беруші жол берілген сәйкессіздіктерді жойғаннан кейін қайта жүгінеді.
      13. Ескертулер болмаған жағдайда өтінім қабылданады, журналға тіркеледі, құжаттардың қабылданғаны туралы белгісі бар өтінімнің көшірмесі өтініш берушіге табыс етіледі.
      14. Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізу үшін жобаны қарау мерзімі жобаның мазмұнына байланысты болады, бірақ ол өтінім берілген күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.
 
3. Жобаларды жергілікті деңгейде қарау
 
      15. Жергілікті уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, өңірлік сараптама жүргізеді.
      Әрбір жобаға өңірлік сараптаманы жүзеге асыру мерзімі өтінім тіркелген кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайды.
      16. Өңірлік сараптаманың қорытындысы мынадай құрылым бойынша жүзеге асырылады:
      1) жоба бойынша коммерциялық бөлігінің пысықталу дәрежесі;
      2) жобаны іске асырудың негізгі бастапқы шарттарының болуы;
      3) инфрақұрылым мәселесінің пысықталуы;
      4) экологиялық қауіпсіздік және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
      5) рентабельділік;
      6) өңірдің бағдарламалық құжаттарына сәйкес келуі;
      7) жоба бойынша жалпы тұжырымдар мен ұсынымдар.
      17. "Жоба бойынша коммерциялық бөлігінің пысықталу дәрежесі" деген бөлімде жоба бойынша мынадай ақпарат көрсетіледі:
      1) өнімдерді/көрсетілетін қызметтерді өткізуді талдау, төлемге қабілетті сұраныстың болуы, нарықтағы бәсекелестік дәрежесі;
      2) маркетингтік жоспардың пысықталу дәрежесін, болашақ өнімдерді/көрсетілетін қызметтерді өткізу арналарын бағалау.
      18. "Жобаны іске асырудың негізгі бастапқы шарттарының болуы" деген бөлімде жоба бойынша мынадай ақпарат көрсетіледі:
      1) жобаны іске асыру үшін қажетті мәлімделген активтердің болуы (жер учаскесі, өндірістік база, негізгі және ақша қаражатының болуы, ауыртпалықтың/активтерге тыйым салудың болмауы);
      2) қаржыландыру құрылымының пысықталғанын талдау, қаржы ұйымдарымен жобаны қаржыландыру туралы меморандумдардың/ келісімдердің болуы;
      3) шикізат көздерін, оны тасымалдау схемалары мен құралдарын талдау, шикізат берушілермен келісімдердің болуы, шикізаттың/дайын өнімнің оңтайлы/барынша көп қорларын сақтау үшін қоймалардың абаттандырылуы;
      4) құрылыс кезеңінде және объектіні пайдалануға беру кезеңінде құзыретті менеджерлердің және мамандардың болуы;
      5) техникалық жабдықты пайдалану бойынша персоналды оқытудың қолданыстағы жоспарлы бағдарламасын талдау;
      6) өндіріс технологияларының баламалы нұсқаларын және жабдық берушілерді талдау; жабдықты жеткізу және монтаждау кестесі, инновациялық құрамдастардың болуы; тиісті лицензиялар мен сертификаттардың немесе оларды алу жөніндегі іс-шаралар жоспарының болуы.
      19. "Инфрақұрылымның мәселесін пысықталуы" деген бөлімде сыртқы және ішкі коммуникациялардың әзірлік дәрежесі, сондай-ақ қажетті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары сипатталады.
      20. "Экологиялық қауіпсіздік" деген бөлімде жобаның экологиялық аспектілері, олардың қоршаған ортаға әсері, табиғатты қорғау іс-шараларының болуы, заманауи ресурс үнемдейтін және энергия үнемдейтін технологияларды енгізу, баламалы энергия көздерін қолдану, өндірістің қоршаған ортаға теріс әсерін қысқарту жөніндегі шаралар көрсетіледі.
      21. "Рентабельділік" деген бөлімде жоба тиімділігінің қаржылық көрсеткіштерін талдау, өтелу мерзімі, IRR кірістіліктің ішкі нормасы, NPV таза дисконтталған кіріс көрсетіледі.
      22. "Өңірдің бағдарламалық құжаттамаларына сәйкес келуі" деген бөлімде мәлімделген жобаның өңірді дамытудың негізгі стратегиялық және жоспарлы құжаттамаларына сәйкес келуін талдау жүргізіледі.
      23. "Жоба бойынша жалпы тұжырымдар мен ұсынымдар" деген бөлімде жобаны сәтті іске асыру үшін қажетті мемлекеттік қолдау шараларының тізбесі және оларды алу тетіктері көрсетіледі, сондай-ақ оң немесе теріс уәжді қорытынды не себептерін негіздей отырып, жобаны пысықтау туралы ұсыным беріледі.
      24. Өңірлік сараптаманың қорытындысы екі данада ресімделеді және ол өткізілген кезден бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде бір данасы өтініш берушіге жіберіледі, бір данасы жергілікті уәкілетті органда қалады.
      25. Жергілікті уәкілетті орган өтінімдер тіркелген күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жобаларды қарау және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізу бойынша ұсыным беру үшін құжаттарды өңірлік палатаға жібереді.
      Өтінімді өңірлік палата тіркеген кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ұсыным жергілікті уәкілетті органға ұсынылады.
       26. Жергілікті уәкілетті орган өтінімдер тіркелген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жобалардың көрсетілген схемаға сәйкес келуін қарау және ұсыным беру үшін құжаттарды Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.
      Ұсыным Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын уәкілетті орган құжаттарды тіркеген кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде жергілікті уәкілетті органға ұсынылады.
      27. Құны 900 млн. теңгеден басталатын өңірде кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілуге ұсынылатын жобалар бойынша өңірлік сараптама жүргізілген кезден бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жергілікті уәкілетті орган құжаттарды тиісті салалық мемлекеттік органдарға салалық тиесілілік бойынша сараптама қорытындысын алу үшін жібереді.
      Салалық мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің немесе ведомствосының басшысы қол қойған салалық тиесілілік бойынша сараптама қорытындысы құжаттар салалық мемлекеттік органда тіркелген кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде жергілікті уәкілетті органға ұсынылады.
      28. Құны 900 млн. теңгеге дейін жобалар, сондай-ақ индустрияландыру картасына енгізілуге ұсынылатын жобалар бойынша жергілікті уәкілетті орган өңірлік сараптаманың қорытындысы ресімделген және Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын уәкілетті органның ұсынымы алынған кезден бастап, өңірлік палатаның ұсынымы бар болған кезде, материалдарды 3 (үш) жұмыс күні ішінде кеңес отырысы өткізілетін күнді айқындау үшін кеңес төрағасына жібереді.
      Құны 900 млн. теңгеден асатын өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізілуге ұсынылатын жобалар салалық тиесілілік бойынша сараптама қорытындысы алынған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде кеңес отырысына енгізеді.
      29. Кеңес жобаларды олардың түсуіне қарай, бірақ өтінімдер болған кезде айына бір реттен сиретпей қарайды.
      30. Кеңес хатшысы өткізілетін күнге дейін 3 (үш) жұмыс күні бұрын өтініш берушілерді кеңес отырысының күні туралы хабардар етеді.
      31. Жобаларды өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу мәселесі бойынша шешім және жоба бойынша индустрияландыру картасына енгізу ұсынымдары кеңес мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
      Кеңес шешімі кеңес отырысы өткізілген кезден бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде екі данада хаттамамен ресімделеді. Хаттама ресімделген кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жергілікті уәкілетті орган жоба бойынша қабылданған шешім туралы өтініш берушіні хабардар етеді.
      32. Кеңес отырысы өткізілген кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде индустрияландыру картасына ұсынылған жобалар бойынша материалдарды, оның ішінде өңірлік сараптамалардың, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұсынымының, кеңес хаттамасының екінші даналарын жергілікті уәкілетті орган одан әрі қарау үшін уәкілетті органға жібереді.
       33. Жобаларды өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізу, 
      сондай-ақ одан алып тастау, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну, негізгі параметрлерді өзгерту бойынша шешім кеңес отырысында қабылданады.
 
4. Жобаларды орталық деңгейде қарау
 
       34. Уәкілетті орган кеңес ұсыным берген жобалар бойынша материалдарды алған кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде салалық тиесілілігі бойынша бөліп таратады және салалық комиссияның отырысында қарау үшін тиісті салалық орталық мемлекеттік органдарға жібереді, сондай-ақ жергілікті қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институтына жергілікті қамту бойынша сараптама жүргізу үшін жібереді.
       35. Тиісті салалық орталық мемлекеттік орган материалдарды алған кезден бастап әрбір жоба бойынша сараптаманы жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мәселесін пысықтайды.
      36. Салалық мемлекеттік органдар жобаларды күрделілік дәрежесіне қарай сараптама жүргізу үшін мамандандырылған ведомстволық бағынысты ұйымдарға жібере алады.
      37. Салалық сараптаманың қорытындысы мынадай құрылым бойынша жүзеге асырылады:
      1) ел ауқымындағы стратегиялық маңызы;
      2) басқа жобалармен және өндірістермен теңгерімділігі;
      3) өндіріс технологиясындағы инновациялық құрамдас;
      4) экспортқа бағдарлану немесе импортты алмастыру;
      5) салалық рұқсат беру құжаттары;
      6) еңбек өнімділігі;
      7) жоба бойынша жалпы тұжырымдар мен ұсынымдар.
      38. "Ел ауқымындағы стратегиялық маңызы" деген бөлімде жобаның ел ауқымындағы маңызы ашылады.
      39. "Басқа жобалармен және өндірістермен теңгерімділігі" деген бөлімде біртекті жобалар мен өндірістердің болуы тұрғысынан өңір және көршілес өңірлер бойынша талдау жүргізіледі.
      40. "Өндіріс технологиясындағы инновациялық құрамдас" деген бөлімде жобада инновациялық технологиялардың қолданылуы көрсетіледі.
      41. "Экспортқа бағдарлану немесе импортты алмастыру" деген бөлімде экономиканың дәстүрлі экспорттық/импорттық секторларын дамытуға және қосылған құны жоғары өндірістер құра отырып, жобаның өнімдерді әртараптандыруға әсерін талдау жүргізіледі.
      42. "Салалық рұқсат беру құжаттары" деген бөлімде жобаны іске асыру үшін тиісті салалық мемлекеттік органдар беретін қажетті рұқсаттар көрсетіледі.
      43. "Еңбек өнімділігі" деген бөлімде жылына бір қызметкерге шаққанда құндық мәндегі уақыт бірлігіне өндірілетін тауарлардың (жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің) көлемімен өлшенетін көрсеткіш ашылады.
      44. "Жоба бойынша жалпы тұжырымдар мен ұсынымдар" деген бөлімде жобаны сәтті іске асыру үшін қажетті мемлекеттік қолдау шараларын талдау және оларды көрсету тетіктері көрсетіледі, сондай-ақ уәжді болуға тиіс оң немесе теріс қорытынды не себептерін негіздей отырып, жобаны пысықтау тұралы ұсыным көрсетіледі.
      45. Әрбір жобаға сараптама өткізу мерзімі тиісті салалық мемлекеттік органға материалдар келіп түскен кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайды.
      46. Сараптама ресімделген кезден бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оның қорытындысына сараптаманы жүзеге асырған салалық мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің немесе ведомствосының басшысы немесе, егер сараптаманы ведомстволық бағынысты ұйым жүзеге асырса, ведомстволық бағынысты ұйымның басшысы қол қояды және ол келіп түскен жобалар бойынша материалдарға қоса тіркеледі.
      47. Сараптама өткізілгеннен кейін индустрияландыру картасына енгізуге ұсынылатын жобалар оларға қол қойылған кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде салалық комиссияның қарауына шығарылады.
      48. Салалық комиссия қарауға арналған жобалар болған кезде жобаны айына бір реттен сиретпей қарайды.
      49. Салалық комиссияның хатшысы жобаны қарау туралы мәселе күн тәртібіне енгізілген кеңес отырысы өткізілетін күнге дейін 3 (үш) жұмыс күні бұрын өтініш берушілерді отырыстың күні туралы хабардар етеді.
      50. Салалық комиссияның қарауына жобалар бойынша материалдар, оның ішінде кеңес хаттамасының көшірмесі, әрбір жоба бойынша өңірлік сараптамалардың нәтижелері және салалық тиесілілік бойынша орталық мемлекеттік органның сараптама қорытындылары ұсынылады.
      51. Салалық комиссияның отырысына индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне, атап айтқанда жобалары индустрияландыру картасына енгізілуге жататын өтініш берушілерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін әлеуетті операторлардың уәкілетті өкілдері шақырылады.
      52. Салалық комиссияның отырысында жобалар және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мүмкіндігі талқыланады, одан кейін жобаларды уәкілетті органда қарау немесе жобаны жергілікті уәкілетті органға пысықтауға қайтару туралы алқалы шешім қабылданады және мемлекеттік қолдау шаралары бекітіледі. Салалық комиссияның шешімі 3 (үш) жұмыс күні ішінде үш данада хаттамамен ресімделеді.
      53. Мақұлданған жобалар бойынша материалдар қоса берілген бір данасы уәкілетті органға жіберіледі, екінші данасы жергілікті уәкілетті органға жіберіледі, үшінші данасы салалық мемлекеттік органда қалады.
 
5. Жобаларды уәкілетті органда қарау
 
      54. Индустрияландыру картасына енгізу үшін ұсынылатын жобалар бойынша салалық комиссияның қорытындысы және жергілікті қамту бойынша сараптама алынған кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті орган барлық материалдарды жүйелендіреді, штаб отырысында қаралатын индустрияландыру картасына енгізу туралы ұсыныстары бар жобаларды жалпы жинақтауды жүзеге асырады.
      55. Материалдар түскен кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде штаб жобаларды индустрияландыру картасына енгізу бойынша ұсыным беру, Бағдарламада белгіленген индустрияландыру картасының өлшемшарттарына сәйкес келмеген кезде жобаны жергілікті уәкілетті органға пысықтауға қайтару немесе одан бас тарту туралы хаттамалық шешім қабылдайды.
      56. Хаттамалық шешім қабылданған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті орган хаттамалық шешімнің көшірмесін жергілікті уәкілетті органға жібереді, ол хаттамалық шешімнің көшірмесін алған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде штаб қабылдаған шешім туралы өтініш берушіні хабардар етеді.
      57. Штаб отырысында индустрияландыру картасына енгізуден бас тартылған жобалар кеңестің шешімі бойынша өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізіледі.
      58. Штабтың хаттамалық шешімінің негізінде уәкілетті орган жобалардың тізбесін комиссияның таяудағы отырысында қарауға ұсыным береді.
 
6. Жобаларды өнеркәсіптік дамыту жөніндегі комиссияда қарау
 
      59. Комиссия мемлекеттік қолдау шараларын енгізу, алып тастау, ұсыну, сондай-ақ индустрияландыру картасының жобалары бойынша негізгі параметрлерді өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
      60. Комиссия индустрияландыру картасының жобасын іске асыруға жауапты мемлекеттік органды айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
 
7. Қорытынды ережелер
 
      61. Жобалар индустрияландыру картасына өтінімдердің түсуіне және олардың тиісінше қаралуына қарай жылына кемінде бір реттен сиретпей өткізілетін өзектілендіру қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен енгізіледі.
      62. Жобалар өңірде кәсіпкерлікті қолдау картасына өтінімдердің түсуіне және олардың тиісінше қаралуына қарай жылына кемінде екі рет сиретпей өткізілетін өзектілендіру қорытындылары бойынша облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдіктерінің қаулысымен енгізіледі.