Басы » Акимат » Қаланың басқа жаңалықтары » ШҚМУ Польшада «Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығын ашты
ШҚМУ Польшада «Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығын ашты
Автор: Акимат
11-02-2019 16:24
ШҚМУ Польшада «Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығын ашты
ШҚМУ Польшада «Абай» жастардың ғылыми-білім беру орталығын ашты.
Елбасы жариялаған Жастар жылында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ облыс әкімдігінің қолдауымен Еуропалық одақ елінде – Польшада «Абай» жастардың ғылыми-білім беру орталығын ашты. 
– Жастар жылы аясында, сондай-ақ Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы шеңберінде С. Аманжолов атындағы ШҚМУ еуропалық жастарды Қазақстан мәдениетімен таныстыру мақсатында Польшада «Абай» жастардың ғылыми-білім беру орталығын ашып отыр, – дейді С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген. 
Ректордың айтуынша, орталық ашудағы басты мақсат – әлемге отандастарымыздың мәдени жетістіктерін насихаттау. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес ашылған аталмыш орталық – Польшада оқып жатқан жастарымыз үшін қазақстандық мәдени-білім орталығы болса, Польша жастары үшін Қазақстанның туристік мекендерін, тарихы мен мәдениетін, ғалымдарын, ақын-жазушыларын таныстыру орталығы.
Мұнымен қоса, екі ел ЖОО-лары арасында қосдипломды білім беру, оқытушылармен, студенттермен алмасу, біліктілікті арттыру, ғылыми тағылымдама ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру қарастырылған. Орталық поляк және қазақ студенттері арасындағы диалогті жандандыруды көздейді. 
Іс-шара бағдарламасында – орталықтың ашылуы, Абай шығармашылығын таныстыру, ШҚМУ-дың ғылыми-білім беру қызметін таныстыру. 
Орталықты ашу барысында қос тарап үлкен жұмыс жүргізді. Польша тарапы жеке ғимарат бөлді, оны рәсімдеу үшін қазақ, поляк, ағылшын, орыс тілдеріндегі Қазақстан туралы кітаптар, мәдени жәдігерлер тапсырылды. Сондай-ақ, ШҚМУ Лингвистикалық-технологиялық университетке мүсінші Дәурен Дощановтың Абай мүсіні мен суретші Әлібек Шоқановтың «Абай» картинасы сыйға берілді. 
– Айта кету керек, Абай есімінің орталыққа берілуі кездейсоқ емес. Абай – қазақ мәдениетінің биік шынары, өлкемізде дүниеге кеп, қалыптасқан алып тұлға. Сондай-ақ, университетте абайтанудың бай дәстүрі, ғалым Айжан Қартаеваның ғылыми мектебі бар. Білім ордамызда абайтану конференциялары өткізіліп, ғылыми монографиялар шығарылды, Абайға арналған дипломдық, магистрлік жұмыстар жазылды. Демек, ШҚМУ ғалымдары мен студенттері Абай туралы көп мәлімет бере алады, – деді М.  Төлеген.
Орталықтың ашылу салтанатында онлайн режимде поляк-қазақ бейнебайланысы орнатылды. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Польшада оқып жүрген ШҚМУ жастары мәдени бағдарлама ұсынды, Лингвистикалық-технологиялық университет ректоры Эльжбетте Штернальға «Абай» медалі табыс етілді.
Бұл – екі оқу орны ынтымақтастығының басы ғана. Көптеген қызықты іс-шаралар алда. Енді ШҚМУ-да ұлы поляк астрономы Коперник атындағы ғылыми-білім беру орталығы ашылады.
 
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасөз қызметі