Басы » жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал » Жаналықтар » Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Екі жұлдыз – 2019» облыстық шығармашылық фестивалі өтті!
Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Екі жұлдыз – 2019» облыстық шығармашылық фестивалі өтті!
Автор: жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал
21-10-2019 12:00
Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Екі жұлдыз – 2019» облыстық шығармашылық фестивалі өтті!
10 қазан күні сағат 11:00 де Қалалық Мәдениет Сарайында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған жыл сайын асыға күтетін «Екі жұлдыз» облыстық шығармашылық фестивалі өткізілді.Фестиваль ҚР Мүгедектер күніне орай «ШҚО Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Қалалық Мәдениет үйі қызметкерлерінің  көмегімен және Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Фестивальдің құрметті қонақтары  Семей қаласының НурОтан партиясының өкілдері , денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау бөлімдерінің өкілдері, аймақтық  аудан, қала орталықтарының басшылары, сондай-ақ  демеуші  жеке  кәсіпкерлер, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-аналар болды.
Біздің қонақтарымызды және көрермендерімізді Мәдениет сарайының алдында көңілді аниматорлар қарсы алды. Фойеде көрермендер назарына мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған бұйымдардан көрме ұйымдастырылып, «Екі жұлдыз» сайысының жеңімпаздары бейнеленген әдемі баннер ұсынылды.  
Мерекелік зал фестивальдің логотипі – жұлдыздармен әшекейленіп безендірілді.
Биылғы жылы фестивальға өткен «Екі жұлдыз» байқауының жеңімпаздары мен дипломанттары қатысты.Сахнада орталығымыздың қызмет алушыларымен қатар Жарма, Ұржар, Зайсан, Аягөз аудандарының өкілдері де өнерін көрсетті.Фестивальдің шарты бойынша балалар әндерін  жетекшілері- кәсіпқой әншілер және түрлі байқаулардың жеңімпаздарымен бірге дуэт ретінде орындады.
Қатысушылар мен көрермендерді  мерекелік күнде қуанышқа толы жүздер, таусылмас күлкі, әдемі әуен және керемет көңіл-күй қоршады.
Фестиваль барысында қатысушылар мен жетекшілеріне құттықтау сөздер айтылып, дипломдар және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Мереке соңында фестивальдің барлық дипломанттары фуршет дастарханына шақырылып, әдемі шамшырақтармен безендірілген қала әкімінің сыйлық тортынан дәм татты. 
 
 
 
 
 
Семей қаласының жұмыспен қамту, 
әлеуметтік бағдарламалар 
және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі